13.10.2015, 10:37
Оқылды: 41

Дала дарабозын еске алды

калгымайтын зерде (1)Ақжайық ауданының Алғабас ауылында кезінде еңбегі республикаға, Одаққа танылған шамшырақ шопан Сансызбай Боранбаевты еске алуға арналып үлкен бас қосу ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысып, сөз сөйледі.

калгымайтын зерде (2)Аудан басшысы айтқандай, асқар тау әкеге қатыстының бәрін көздің қарашығындай аялағанның басты бір айғағы – оның қызы, БҚ инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева баспадан шығарған (Орал, «Полиграфсервис») «Ардақты әке жайында сөз» атты мазмұнды кітап. Оның әр бетінде боз жусанды дала тынысының, тамшылаған маңдай тер құт дарытқан ұядан сегіз ұл-қыздың еңбек мектебінен түлеп ұшуының шежіресі хатталған. Сонау 50-ші жылдардың басында, қызыл империя Орда жерін сұмдық қару сынайтын полигонға айналдырғанда, еріксіз көшірілген елмен, үй-ішімен бірге 12 жасында осы жаққа келген Сансызбаймен балалық шақтан бергі өскендердің, 7 жылдық мектепті аяқтаған 1958 жылдан бергі мал шаруашылығындағы ерен еңбегі жайында жұмыстастардың естелігі де – тұнған ғибратты ғұмырбаян.

Алғашында он жылдай механизаторлық және ірі қара бағу жұмысын атқарған соң қой өсіруге біржолата бет бұрған ол зайыбы, бірінші көмекшісі Жаңыл екеуі 1974 жылдан басап ұдайы еңбек бәсекесінің алдында жүрді. Саулықтардың әр жүзінен айталық, 1976 жылы 93, 1977 жылы 130, 1979 жылы 125 қозы алды. С.Боранбаевтың бұл айтулы табыстары аймақтағы, елдегі тәжірибесі бай шопандардың ісіне ден қоюдың, соларға арналған басылымдардан оқып-үйренудің, табиғат-талбесіктің құпияларына үңілудің жемісі еді. Мұны ол 80-ші жылдары Алғабаста ашылған өзінің озат тәжірибе мектебінде баяндап та жүрді.

калгымайтын зердеОтардан отар өргізіп, жібек жүнді де тау-тау етіп үйген жетістік үзілмей жалғасқандықтан, аға шопан 1976 жылы IV дәрежелі, 1981 жылы ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, 1984 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі Бас Комитетінің Құрмет дипломымен марапатталды. 1987 жылы әр жүзге 167, 1988-де 150 қозы қабылдады, осы жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.

Бұл деректердің тасасында әлбетте, құс ұйқылы жүріп, бүкіл ауылдың, елдің абыройы үшін төккен тер бар. Нарқасқа азамат егер бүгін арамызда болса, 75 жасқа толып, бір мәре-сәре күй кешері даусыз еді. Көзі тірісінде «Қадеш» шаруа қожалығын құрып, кейінгіге заман үніне сай жол сілтеді. Сөйтіп, бүгінде бұл жолдағы ізді ұлы Дарын жалғастыруда. Сабақтастық деген осы. Әке үміті ақталды деген осы. Жақсының аты өшпейді деген осы. Зерде күнінде бұл хақында салмақты сөз сапталды.

калгымайтын зерде (3)Шараға жиналған нөпір жұрт дала қызықтарын тамашалады. Делебе қоздырған, тұлпарлар тұяғының дүбірі жаңғырған 40 шақырымдық аламан бәйгені айтасың ба, басқасын айтасың ба, ағайынның көңілін көкке көтерді. 19 сәйгүлік арасынан сонау Қостанайдың Жетіқара ауданынан келген Арман Еспергеновтың «Командоры» иесіне Боранбаевтар әулетінен «Lada-Granta» «темір тұлпарының» тізгінін ұстатты. Екінші келген тайпақтық Ғұбайдолла Биғазиевтың «Құлагері» сыйлыққа жылқы, жалпақталдық Манарбек Наурызғалиевтің үшінші болып келген «Алмасторысы» ірі қара еншілетті.

Қой көтерудің бәсекесі де тартысты өтті. Мұнда қойды 90 рет көтерген сырымдық Темірлан Ғаббасов жеңімпаз атанды. Ал гір көтеруден шыңғырлаулық Жұбаныш Темешов топ жарды.

Қазақ күресінде 22 балуанның ішінде қазталовтық Олжас Сүлейменов (90 кг) тасқалалық Қасымхан Оразғалиевті (140 кг) қапысын тауып ұтып, жеңімпаз атанды. Спорттық сайыстар жүлдегерлеріне де теледидар, тоңазытқыш, т.б. бағалы сыйлықтар тапсырылды.

www.zhaikpress.kz

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген

Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале