1.06.2016, 11:21
Оқылды: 31

ДАЛА ҚЫЗЫҒЫМЕН ЖАЛҒАСҚАН ТОЙ

Karaozen dala kiziktari   28 мамыр күні Қараөзен ауылдық округінің құрылғанына 50 жылдық мерейтойлық шара дала қызығымен жалғасын тапты. Округтің құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындары, жеке кәсіпкерлер бір кісідей атсалысты.


  Дала қызығымен жалғасқан тойға аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбайұлы қатысып, қараөзендіктерді мерекемен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар арнайы Астана қаласынан келген, белгілі айтыскер ақын, Қараөзен ауылының тумасы Жібек Болтанова туған жеріне арнау арнады.

  Ауылдың шетінде киіз үй тігіліп, «Дала қызықтары» үшін жасалған алаңға ағылған адамдарда есеп жоқ. Әсем мен тәтті күй төгіліп, халық мәре-сәре бір-бірін мерекемен құттықтап жатқан ауыл тұрғындарын көрдік. Ат бәйгесі, қазақша күрес, арқан тартыс, жаяу жүгіру, қой көтеру секілді спорттық ойындар ұйымдастырылды. Мұнда қыр басына ал­тыбақан қойылып, балуандар белдесіп, ат бәйгесі оздырылды.

  Ең алдыменен 4 шақырымнан тұратын тай жарысы оздырылды. Бұл тай жарысына 28 тай қатысып, нәтижесінде көктеректік Нұрболат Әдиетовтың «Сері қарасы» бірінші келсе, Қараөзен ауылының тұрғыны Ерсайын Жұмабаевтың «Жас ерені» екінші болса, үшінші орынды Көктерек ауылының тұрғыны Нұрбек Абулхайыровтың тайы келді. Мұнан кейін 16 шақырым 4 айналымнан тұратын ат бәйгесіне 31 шабандоз қатысты. Әр ауылдан келген жүйріктер аламан басталғанда тек өздеріне тән түйсікпен дүбірге қосылып, «тек алғамен», төрт аяққа ерік берді. Ғажап та сұлу жануарды адамға серік еткен құдірет те күшті ғой. Жылқысыз адам баласының тұрмысын елестету мүкін емес. Төрт айналымды 16 шақырымды құрайтын бәйгеде кейбір келіспеген жүйріктер айналымнан шығып та жатты. Бас пен бақ қатар сайысқа түскен бұл бәйгеде жалпақталдық Ербол Қиясовтың «Қарақаты» мәреден бірінші өтіп, бас бәйгені жеңіп алды. Ал екінші орын Бостандық ауылына бұйырса, мәре сызығын үшінші болып кескен қараөзендік Тұрар Татпановтың «Ақтанауы» болды.

   Ұлттық ойындардың тағы бір қызығы қазақша күрес. Әр округтен күші мықты деген жігіттер келген екен. Қай-қайсысын да әлсіз деуге келмес. Бірақ бәрі бірдей түйе палуаны атанбайтыны белгілі. Нәтижесінде айласы да, күші де басым түскен ақпәтерлік Ерназар Хамзин «Түйе палуан» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал жалпақталдық Жасталап Мақсотов пен көктеректік Бегайдар Меңдешев ІІ-ІІІ орындарды қанағат тұтты. Сонымен қатар спорттың арқан тарту секілді ойындары да оздырылған болатын. Жалпақтал-1 командасы І орынды алса, 1984 жылғылар ІІ орын, Жалпақтал-2 командасы ІІІ орында иеленді.

  Өткізілген спорттық сайыстарда, аламан бәйгеде жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, ақшалай марапаттарға ие болды.

   Тамаша оздырылған «Дала қызықтарында» халық әрі демалып, әрі зор рухани азық алып, тойдан көңілді тарқады.

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Қараөзен ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале