2.03.2016, 16:42
Оқылды: 19

«Даму» қоры арқылы жобаларды демеуқаржыландыруға 2 млрд. теңге бөлініп отыр

  Screenshot_2016-03-02-11-08-26-1  Батыс Қазақстан облысында биыл жобаларды демеуқаржыландыруға 2 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО аймақтық филиалының директоры Ербол Иденов мәлім етті.


Ербол Асылбекұлының сөзіне қарағанда, сонымен қатар кепілдендіру бағыты бойынша 182,677 млн. теңге және Ұлттық қордан кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыруға 560 млн. теңге қаралды. Оған қоса жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастырылатын болады. Былайша айтқанда, кәсіпкерлерді, соның ішінде өз ісін жаңа бастағандарды қолдау шаралары биыл да жалғасын табады.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасының ауылдық жердегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Жаңа бизнес жобаларын қолдау» атты бірінші бағыты бойынша 2015 жылы құны 734 млн. теңге тұратын 32 жобаға қол қойылды. Екінші бағыт бойынша экономиканың жетекші салалары мен өңдеу өнеркәсібінде қызмет атқаратын кәсіпкерлердің жалпы құны 1903 млн. теңгені құрайтын 43 жобасы мақұлданып, қаржыландырылды. Кәсіпкерлер несиесі бойынша жыл ішінде төленген демеуқаржы көлемі 1200 млн. теңгеге жетті.

Сонымен қатар несиенің бір бөлігін кепілдендіру де өз жемісін беріп, оның қолайлы шарттарын пайдаланушы кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Мысалы, 2014 жылы 32 кепілдендіру келісімшартына қол қойылса, 2015 жылы 58 шағын және орта бизнес нысандарымен үш жақты кепілдендіру келісімшарты жасалып, жобалардың жалпы құны 552 млн. теңгені құрады. Соның ішінде 28 жобаны өз бизнесін жаңа бастағандар қолға алды.

Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері облыста несиелеу көлемі 50,2 млрд. теңгені құрайтын 471 жоба бойынша демеуқаржыландыруға келісімшарт жасалды. Сондай-ақ несие қоржыны 3,3 млрд. теңгені құрайтын 98 жоба бойынша «Даму» қорының кепілдігі берілді. Қолдау тапқан жобалардың басым көпшілігі көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларының үлесіне тиеді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале