29.07.2015, 18:20
Оқылды: 14

Дағдарысқа тез бейімделу – табыс кепілі

Nogaev dagdariska beyimdelu     Шілденің 28-і күні өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Отырыстың күн тәртібіндегі ең басты мәселе - облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының алғашқы жартыжылдықтағы қорытындысы болды. 

- Бүгінгі мәжіліс барысында біз атқарылған істерге сараптама жасап, алдағы уақытта қандай жұмыс атқаруға тиіспіз, кенжелеп қалған тұстарымызды қалай жетілдіреміз деген сауалдарға нақты жауап іздейтін боламыз, - деді Нұрлан Асқарұлы кіріспе сөзінде.

Негізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бибігүл Қоныспаева жасады. «2015 жылдың бірінші жартыжылдығын­да облыста 584,3 млрд. теңгенің  өнеркәсіп өнімі өндірілді. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2,9%-ға азайды жә­не 520,6 млрд. теңге құрады. Таби­ғи газ өндіру 2,4%-ға өскенмен, газ конденсатын өндіру 1,5%-ға, мұнай өндіру 17,3%-ға төмендеді.

Мұнай өндірудің азаюы КПО б.в компаниясы базасында шикізат жеткізуге жасалған келісімшарт­тар көлемінің азаюына және 2015 жылдың сәуір айында «Жайық­мұнай» ЖШС қондырғыларына профилактикалық-техникалық жөн­деу жүргізілуіне, газ конденсатын өндіру көлемінің азаюы «Газпром добыча Оренбург» ЖШҚ-мен тазартылмаған газ қабылдау көлемінің төмендеуіне байланысты болып отыр. Қажетті шикізаттың жетіспеуі салдарынан «Конденсат» АҚ-да өндірістің қысқаруына байланысты дизель отынын өндіру 48,8%-ға төмендеді.

Нұрлан Ноғаев жаһандық дағда­рыстың салқыны бізге де тиіп отырғандығын, сол себепті туын­даған қиындықтарды, мәселелерді бірлесіп, барынша тез арада шешу қажеттігін қадап айтты. «Жергі­лікті өнеркәсіп орындарының ба­сындағы проблемалар нарықтағы конъюктураның өзгеруіне байланысты. Нарықтағы өзгерістерден біз де қалмауға тиіспіз. Қажет же­рінде кәсіпорындарды «қолмен» басқару режиміне көшіру керек.

Бұл жұмысқа барлығыңыз атсалы­суға міндеттісіздер. Осы бағыттағы кез келген оң жұмыстың артында халықтың әл-ауқаты тұр» - деді Нұрлан Асқарұлы.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале