22.06.2015, 17:47
Оқылды: 25

Даңқымен-дара, ерлігі-ерен, өрлігі-өнеге

Janakala Dankimen dara    Жаңақала ауданындағы Пятимар ауылындағы Қайман Ғабдуллин көшесінде орналасқан үйдің қабырғасына Ұлы Отан соғысының ардагері, ауылшаруашылығы саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Қайман Ғабдуллиннің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.

Тұлғаның есімін халық есінде қалдыру мақсатында орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына аудан әкімі Л.Хайретдинов, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, Пятимар ауылдық округінің әкімі О.Рахимов, бірге еңбек еткен қызметтес әріптестері, туған-туыстары және ауыл тұрғындары қатысты.

Қайман Ғабдуллин 1910 жылы дүниеге келген. 1932 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынады. Армиядан кейін Челябі қаласындағы ветеринарлық фельдшер курсын бітіріп, Ұлы Отан соғысына аттанды. Будапешт, Бухарест қалаларын, Германияны азат етуге қатысқан. 1945 жылы елге оралып, 1945-1956 жылдары «Пятимар» жылқы зауытында мал дәрігері болып қызмет атқарып, 1956-1958 жылдары Плантация бөлімшесінде қыздар сауыншы комсомол жастар бригадасын ұйымдастырды. Сол жылдары ауылдық кеңеске депутат болып сайланды. 1959-1960 жылдары Қызылоба кеңшарында меңгеруші, 1960-1964 жылдары мал дәрігері қызметтерін атқарады. Майдандағы ерліктері үшін, Бреслау қаласындағы немістер тобын жойғаны үшін ІІІ дәрежелі Даңқ, Б.Хмельницкий орденімен, «Үздік минер» белгісімен, Кельц, Львов қалаларын алудағы ерекше еңбегі үшін «Алғыс хатпен» марапатталған.1983 жылы дүниеден озды.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы елге еңбегі сіңген ардагер қайраткердің атқарған еңбегі мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігіне тоқталды. Айта кету керек,  2005 жылы аудан әкімінің шешімімен Пятимар ауылында ардагерге көше атауы берілсе, бұл жолғы игі істің жүзеге асуына ұрпақтары мұрындық болды.

www.zhaikpress.kz

Надежда ЕСЕТОВА

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале