28.02.2015, 23:54
Оқылды: 29

Демеуқаржыны игеру керек


 Кеше облыс әкімдігінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен  коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарының жағдайы және олардың өзекті мәселелерін шешу жолдары, Орал қаласы мен аудан орталықтарының айналасында жасыл аймақтарды құру, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесінің жағдайы  мәселелері тақырыбында кеңес өтті.


 Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжановтың баяндауынша, облыс аумағындағы коммуналдық меншіктегі 27 су қоймасы, 38 канал, 64 бөгет (дамбы), 25  жайылма суару жүйесінің көпшілігі дерлік жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ауыл шаруашылығын дамыту, мал азығы қорын молайту мақсатында Қалдығайты, Өлеңті лиманды суару жүйелерін қайта қалпына келтіру жобаларының құжаттамалары дайындалуда.

Облыс әкімдігінің қаулысымен жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су қоймаларының тізімі бекітілген. Өткен жылғы конкурстың қорытындысымен 24 су қоймасы 18 табиғат пайдаланушыға түрлі мерзімге бекітілген.

«Ендігі жерде жергілікті атқарушы органдар табиғат пайдаланушылардың келісімшарт талаптарын орындауларын қадағалауға атсалысып, тұрғындардың балық және балық өнімдеріне сұранысын қамтамасыз ету үшін ішкі нарыққа шығаруын қамтамасыз ету шараларын алуы тиіс», – деді Амангелді Дәулетжанов.  Сондай-ақ Үкімет басшысының тапсырмасына орай облыстың аудан орталықтары мен Орал қаласының төңірегінде жасыл аймақ құруға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары облыс әкімдігімен бекітілген. Баяндамашының айтуынша, кейбір аудандар көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөлмейді, ағаш егу, жасыл желекті күту жұмыстарына қаржы қарастырылмайды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы шеңберінде облыста жаппай ағаш отырғызу, соның ішінде қылқан жапырақты ағаштар отырғызу шараларын ұйымдастыру қажет.

«Қазсушар» РМК-ның директоры Қазыбек Кенжеғалиевтің айтуынша, «2014-2040 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару» мемлекеттік бағдарламасына облыстан 26 су нысаны енгізілген. Сондай-ақ Орал-Көшім каналдарын, магистральдық каналдарды тазалау жұмыстары қарастырылған. Өңірдегі 255 мың гектар  лиманды және суармалы жердің 125 мың гектарын қалпына келтіру қажет.  Республикалық меншіктегі нысандар бойынша инвестнегіздемелер жасалып, құжаттар дайындалған. Суармалы жерлерге де осындай құжаттар, техэкономикалық негіздемелер, жобалық-сметалық құжаттамалар жасалуы тиіс, онсыз республикадан қаржы бөлінбейді. Бүгінде 55 мың гектар  тұрақты суармалы жердің тек 5 мың гектары ғана пайдаланылады. Соның 2,5 мың гектары ғана тұрақты суарылады. Мұндай жерді пайдаланбаудың өзіндік себептері де бар, өйткені жерге иелік етудің түрі өзгерді. Қазір тұрақты суармалы жерлер шаруалардың қолында.  Алдымен облыс орталығына іргелес Зеленов, Теректі аудандарындағы суармалы жерлерді қалпына келтіріп, қала маңында «Жасыл белдеуді» құруды жалғастыру керектігі айтылды. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс өсіп отырған уақытта

жерді тиімді пайдаланып, мол өнім алуға болады. Елбасының төрағалығымен жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа шаралармен толықтырып, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды ұлғайтуға тапсырма берді. Соған орай бюджет тапшылығына қарамай, ауыл шаруашылығына 20 млрд. теңге қосымша қаржы бөлінуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков Теректі, Зеленов аудандарында суармалы жерлерді пайда-ланудағы су шығыны субсидиясына бөлінген 29 млн. теңгені игеруге көңіл бөлінбей отырғандығына алаңдайды.

Жиында күн тәртібіндегі мәселелері бойынша Зеленов, Теректі аудандарының жұмыстары тыңдалды.  Қатысушылардың түйткілді мәселелеріне қатысты сауалдарына «Жер ҒӨО» РМК-ның БҚФ-ның директоры Асылан Таймасов, облыстық жер қатынастар басқармасының басшысы Әлия Мұқанбетжанова  жауап  берді.

– Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. «Агробизнес – 2020» бағдарламасын  түсіндіру мақсатында ауыл-аймақтарда болғаннан кейін біраз шаруа атқарылды. Алайда субсидия жыл сайын беріле бермейді. Сондықтан берілген мүмкіндікті пайдаланып, шаруаларға  түсіндіріңіздер. Ел болып 29 миллион теңгені игермеу түсініксіз, – деді Арман Кәрімұлы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары кеңесті қорытындылай келе, аудандардың өкілдеріне аудандардағы су нысандарын түгендеу жұмыстарын жүргізуді, коммуналдық меншіктегі су нысандарын құжаттандыруды, апатты жағдайдағы су нысандарына күрделі жөндеу жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттама жасауды  тапсырды.


 Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале