17.07.2015, 17:37
Оқылды: 29

Денсаулыққа жетер байлық жоқ

 

Brifing oblzdraf    Бейсенбі күні облыстық клиникалық ауруханада баспасөз мәслихаты өтіп, онда Бөрлі ауданының тұрғыны Мөлдір Нұрымованың екі аяғына ампутация жасалу себебі түсіндірілді.

-Науқас М.Нұрымова 27 маусым күні таңғы сағат 5-те жедел жәрдем бригадасы арқылы біздің ауруханаға жеткізілді. 1970 жылы туған сырқаттанушының анамнезінен анықталғандай, ол 26 маусымда өзі тұратын Бөрлі ауылындағы отбасылық дәрігерлік амбулаториясына барып, фельдшердің тексерісінен өтеді. Артынан медициналық қызметкердің көмегімен Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Онда кезекші реанимотолог қараған. Тексеріс кезінде ол әлсіздік, бас айналу, бас ауруы мазалайтынын айтқан. Тиісті көмек көрсетілген соң, сырқаттанушының жағдайы жақсарып, қан айналымы (гемодинамика) қалыпқа келді. Артериалдық қысымы 140/190 мм. сынап бағанасы деңгейінде болса, тамырдың соғуы минутына 80 соққыны құрады. Хирургтен кеңес алды. «Артериалды гипертония. Аяқ венасының варикозды кеңеюі, созылмалы күретамыр тапшылығы (хроническая венозная недостаточность)» диагнозы қойылып, жоспарлы түрде қан тамыры бойынша хирургпен кеңесе отырып тексерістен өту үшін Бөрлі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жолданды. Сол күні түнде М.Нұрымованы баласы Орал қаласындағы үйіне әкелген. Жедел жәрдем фельдшерінің айтуынша, емделуші үйде ұйықтап жатып, таңғы сағат 4-те аяғының ұйып қалуына және аяғының ауруына байланысты оянған. Таңғы сағат 5-те облыстық клиникалық ауруханаға жеткізіліп, тексерістен өткеннен соң оған «Атеросклероз. Екі аяқтың магистралды тамырларының тромбозы» диагнозы қойылып, жедел түрде хирургия бөліміне салынды. Осы жерде екпін түсіріп айта кететін жайт, адам ағзасындағы ұзақ мерзімді патологиялық өзгеріске байланысты тамыр тромбозы пайда болады, яғни тамыр ішіндегі қан қоюланады. Консервативті емдеу шараларынан пайда болмағаннан соң, консилиум  шешімімен 27 маусым күні ота жасалып, артериядан тромбтар алынды.

Отадан соң бір тәулік өткеннен кейін емделушінің аяғындағы барлық магистралды артериялар жағдайының төмендеуіне байланысты емделушінің жай-күйі біртіндеп нашарлай бастады. Екі аяғында гангрена дамып, ишемияның көрініс беруі жиеледі. Ол бүйрекке әсерін тигізді. Консилиум шақырылып, қайтадан ота жасау қажеттілігі турасында, яғни екі бірдей аяғын ампутациялау арқылы емделушінің өміріне төнген қауіпті сейілту мақсатында туысқандармен әңгіме жүргізілді. Емделушінің өзінің және туысқандарының келісімі алынған соң 29 маусымда санның орта тұсын ампутациялау бағытында ота жасалды. Қазіргі уақытта емделушінің жағдайы тұрақты. Стационарда ем қамбылдауда,-деді жиынды ашқан облыстық клиникалық аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов.

Аурухана басшысының айтуынша, науқас М.Нұрымова көп жылдан бері тамыр патологиясының ауыр түрінен зардап шегіп келген. 2005 жылдан бастап артериялды гипертензиямен ауырады. 2014 жылдан бері жатыр миомасы, гиперплазиялық эндометрия, оң жақ табаны тамырларының артрозы сынды диагноздары бойынша диспансерлік есепте тұр. «Мұндай ауруларға душар болғандар арнайы дәрі-дәрмектерді тұрақты түрде қабылдап тұруы керек,-деді Ерлан Виленұлы.-Ал М.Нұрымова дәрілерді жүйелі қабылдамаған. Сәуір айында қан тамыры бойынша хирург оған облыстық клиникалық аурухананың қан тамыры бөлімінен стационарлық ем алуға кеңес берген. Ал ол болса емделуден бас тартты. Бұл жерде күрделі қан тамыры ауруларынан емделу кезінде дәрігерлермен ынтымақтастықта болу керектігін баса айта кеткен жөн. Денсаулыққа жете мән беріп, дәрігерлердің айтқанын орындап, уақтылы ем қабылдау қажет. Күрделі қан тамыры ауруының мұндай патологиясы белең алып кетсе, онда тек қана емделушінің өмірі үшін күресуге тура келеді».

Жиын барысында аурухана директорының орынбасары Жұмабек Шайхиев қазіргі уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылып, бұл бағытта тексеру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале