14.09.2015, 17:30
Оқылды: 17

Деркөл ауылын қаламен жалғастырып жатқан көпірдің жоба бойынша атқарылуы тиіс жұмыстың 60 пайызы орындалды

 

Ногаев мост2      Биыл облысымызда жол жөндеу жұмысы қарқынды жүруде. Соның ішінде салынғалы  жөндеу көрмеген қос көпір де жаңғыртылып, жаңаруда. Оның бірі - Подстепный ауылына қарай баратын жолдағы Жайық өзенінен өтетін көпір болса, екіншісі – Деркөл ауылын қаламен жалғастырып жатқан көпір.

Облыс орталығын қала іргесіндегі ауылдармен байланыстырып жатқан көпірлердің  алғашқысы бүгінде жөндеуден өтіп болды. Ал Шаған өзені арқылы Деркөл ауылына апаратын көпірде жұмыс қызу жүруде. Мұндағы жұмыстың жүру барысын бақылауды мақсат еткен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кеше түс әлетінде құрылыс басында болды. Өңір басшысы қала әкімі Алтай Көлгіновпен бірге жол жөндеушілермен жүздесіп,  атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген «Уральскводстрой» АҚ учаске бастығы Зәйдолла Беркалиевтің сөзінше, Шаған өзені арқылы Деркөл ауылына апаратын көпірді жөндеу жұмысы 15 тамыздан басталған. Жөндеу жұмысы барысында бұрыннан жатқан ескі асфальт жабыны алынып, қазіргі таңда оның орнына жаңа бетон құйылуда. Жұмысшылар бұған дейін балкаларды орнынан көтеріп, 160 балканың астындағы төсеме материалын ауыстырыпты. Және көпірдің қоршауын жаңартқан. Ұзындығы 185 метр болатын көпірді жөндеу жұмысын «Уральскводстрой» АҚ-ның жұмысшылары жүргізуде.

- Көпірдің өзен тұсын жөндеу кезінде асты су болғандықтан, азын-шоғын қиындықтар болды, бірақ жұмыс барысында бұл мәселе толық шешілді. Қазіргі таңда жоба бойынша атқарылуы тиіс жұмыстың, шамамен 60 пайызы орындалды. Осы қарқыннан таймасақ, енді бір айда көпірді жөндеу жұмысын аяқтайтын шығармыз, -дейді жұмыс барысын баяндаған Зәйдолла Қисметұлы.

Көпірді жөндеу жұмысымен мұқият танысқан Нұрлан Асқарұлы мұндағы жұмыстың қарқынына риза болды.

- Бұл көпірдің маңызы жөнінде айтып жатудың өзі артық. Деркөл ауылын қаламен байланыстыратын көпір әбден ескірген, оны жөндеуді қолға алатын уақыт баяғыда жетті. Міне, биыл ҚПО б.в. компаниясы осы жұмысқа қаражат бөліп, сол қаржыға көпірлер жөнделуде. Жөндеу жұмысы қазір екінші кезеңде тұр. Бұдан соң үшінші кезеңге өтіп, одан әрі изоляциялау жұмысына жалғасады. Бұл көпірді жөндеу жұмысы жоспар бойынша қарашада аяқталуы тиіс, бірақ жұмыстың қазіргі қарқынына қарап, мерзімінен ертерек бітетін шығар деп болжам жасауға болады, - деген өңір басшысы құрылысшылардың бүгінгі қимылына ризашылығын білдірді.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале