Елімізде депозиттік салымдарды долларландыру қарқыны төмендеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл басынан бергі жеті ай ішінде долларландыру деңгейі 70%-дан 58,8%-ға дейін төмендеді, оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 80%-дан 67,8%-ға азайды.
Реттеушінің салымшылардың құқықтарын қорғау қағидаттарына негізделген жұмыстары шеңберінде халықтың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша ең жоғары ұсынылған мөлшерлемелердің кезең-кезеңімен 9%-дан 14%-ға дейін көтерілді. Ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 4,5%-дан 2%-ға дейін төмендетілгені белгілі. Сонымен қатар ұлттық валютадағы депозиттер бойынша кепілдік беру шамасы 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды және өзгермелі айырбастау бағамына өткеннен кейін халықтың ұлттық валютада ашылған депозиттері бойынша бағамдық айырманы өтеу тетігі әзірленді.