29.03.2016, 10:24
Оқылды: 34

Домбырасы қолында

 Terekti kyishi  Теректі аудандық Мәдениет үйінде талантты домбырашы, бірнеше республикалық, xалықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР "Алтын-Домбыра»  иегері, Жанар Дұғаловамен бірге Татарстанда өткен "Тюрквижн-2014" xалықаралық байқауының Гран-при иегері Нұржан Тәжікенов ән-күй кешін берді.


Қазақстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Қаршыға Ахмедияровтың көзін көрген ең соңғы шәкірті саналатын Нұржанның таланты теректіліктердің жүрегін жаулады деуге болады.

Нұржан Атырау облысы, Құлсары қаласы, Жылыой ауданында дүниеге келген. Балалық шағын толықтай осы өңірде өткізген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында оқыған.  Нұржан күйші ретінде Құрманғазы, Дина сияқты ұлы күйшілердің өнерінен үлгі алады. Ал қазіргі эстрадада «Ұлытау» тобы мен Асылбек Еңсеповты ерекше құрметтейді, өнерлерін бағалайды.

Нұржанның ән-күй кешіне жиылған халықтың қарасы едәуір болды. Ән де, күй де, әзіл де, ойын да молынан болған кештің қонақтары қатарында елімізге жаңа танылып келе жатырған күміс көмей әнші Тілек Базаров және Жайдарманның жайдарлы жігіттері, облысымыздың мақтаныштары "ҚазИТУ" құрамасы табылды. «Домбырам қолымда» деп аталатын концерттік бағдарлама аясында теректілік өнерсүйер көрермен де өздерінің шеберліктерін көрсетіп бақты. Танымал күйшімен бірге бір сахнада өнер көрсеткен көрерменге Нұржанның арнайы сыйлықтары табыс етілді.

Нұржан домбырадан бөлек фортепианода жақсы ойнайды. Сонымен қатар, үрмелі-соқпалы аспаптарда да ойнауды жетік меңгерген. Бірақ жанына қазақтың қасиетті қара домбырасы жақын екен. Оны алғаш Бағым Мухитденова консерваторияда өнер көрсетіп жатқан бір концерттте байқаған. Кейіннен «Қазақ аруы» сұлулық байқауында қатысушы қыздарының бірімен өнер көретуге шақырған. Ал  сосын Нұржанның дарынына тәнті болған танымал продюссер Баян Мақсатқызы өзі хабарласып, «Turkvision» байқауына Жанар Дұғаловамен бірге өнер көсетуге ұсыныс білдірген.

Теректі төрінде өткен кеш соңында Баян Есентаеваның жобаларының бірі саналатын Нұржандай талантқа ауданымыздың ардагер ұстазы Үміт әжеміз ақ батасын берді.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале