26.10.2015, 14:00
Оқылды: 56

Домбыра – халық достастығына дәнекер

11010558_1653659741548776_1008017866535943948_nБүгін Ассамблея жылы және қалалық «Тіл – татулық тірегі» атты айлық аясында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Орал қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Жігерлі жас» ҚБ «Домбыра достыққа шақырады» атты облыстық жас домбырашылар байқауын ұйымдастырды. Оған Орал қаласының оғыландары және Бөкей ордасы, Теректі, Зеленов аудандарынан келген он алты жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысты.

Өзге ұлт өкілдері арасында өткен өнер сайысында Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі жөңкіліп, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуы» сұңқылдады, Құрманғазының «Саранжабы» төгіліп, Михаил Глинканың «Полькасы» қос ішекте үйлесім тапты. Халық әндерінен «Еркем-ай», «Бипыл», Еркін Нұрымбетовтың «Ақжайық», Б.Ғиззатовтың «Біз өмірдің гүліміз» әндері шырқалды, «Тыңдасаңыз, халайық» тақырыбында терме орындалды. Қазақ халқының ұлттық саз аспабымен ән әуелетіп, күй шерткен өрендерді көрермен қауым ыстық қошеметке бөледі.

12118720_1653659744882109_5136744489198776969_nҮміткерлердің қарым-қабілетін Орал қаласындағы №3 балалар саз мектебінің директоры, домбырашы Мереке Тұяқов, №3 балалар саз мектебінің ән-терме сыныбының мұғалімі Фархат Оразов, Дина Нұрпейісова атындағы №1 балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Нұрсұлу Бақтыгереева бағалады.

Байқаудың бас жүлдесі Наргиз Касумоваға (Орал қаласы, Құрманғазы атындағы саз колледжі) бұйырды. Бірінші орынды Мария Гладкова (Орал қаласы, Дина Нұрпейісова атындағы №1 балалар саз мектебі) алса, екінші орынды Виталий Мигалев (Зеленов ауданы, Дариян ауылы балалар саз мектебі), Дильназ Мұстафаевалар (Орал қаласы, Дина Нұрпейісова атындағы №1 балалар саз мектебі) иеленді. Үшінші орынға Полина Ищенко (Зеленов ауданы, Переметный ауылы), Илья Панченко (Теректі ауданы, № 3 балалар саз мектебі), Полина Сарминалар (Зеленов ауданы, Железнов ауылы, Ульянов жалпы білім беретін орта мектебі) лайық деп танылды.

www.zhaikpress.kz

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале