2.08.2016, 10:11
Оқылды: 40

Достық туын желбіреткен Жалпақтал

Мегажоба ЖАлпақтал1         "Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы" мегажобасымен Жалпақтал ауылдық округі достық туын желбіретіп Қазталов ауылына келді.
         Қазталов ауданы орталығындағы "Достық" саябағында орыналасқан киіз үйде Қазталов пен Жалпақтал ауылының жайсаңдары мен ақсақалдары басқосып, жалпақталдықтардың арнайы даярлаған дастарханынан дәм татты. Дастархан басында қонақтарға шұбат пен қымыздан шөл бастырып, бауырсақ, қазы-қартадан дәм ұсынылды.
Сонымен қатар, қазталовтықтардың назарына Қазталов аудандық Мәдениет үйінің фоесінде қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың көркем сурет галереясын тамашалаудың сәті түсті.

Содан соң  Жалпақтал ауылдық округінің көркемөнерпаздары қазталовтық ағайындарға концерттік бағдарлама тарту етті.
Жаңаша стильде әрленген күйлермен қатар, "Миллион раушан гүл", "Әгугай, домбыра", "Қамыссамар", "Жалпақталым" әндері және Ретро әндерден попурри орындалып, жиылған көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ал Бағдат Жәнібекова жетекшілік ететін "Аққу" би тобының мың бұрала билеген сан алуан билері және Талғат Нығматуллиннің жеке орындауындағы "Робот" биі көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл концерттік бағдарламаның ерекшелігі Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин мен Қазталов аудандық мәслихат депутаты Дулат Ихсанов киелі сахнадан табылып, "Надежда" әнімен жұртшылықты таң-тамаша қылды. Мегажоба ЖАлпақтал
Шара соңында сөз алған Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев Самиғолла Сафиоллаұлы бастаған жалпақталдықтарға тамаша кеш сыйлағандары үшін қазталовтықтардың атынан алғысын білдіріп, мегажобаның кітапшасын қабылдап алды.
Сондай-ақ, сахна төріне көтерілген "Нұр Отан" партиясы Қазталов аудандық филиалының сектор меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева тамаша кешті тарту еткен көркемөнерпаздарға "Нұр Отан" партиясы және халық қалаулылары атынан ризашылық лебізін жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП
Қазталов ауданы
www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале