2.08.2016, 10:59
Оқылды: 35

ДОСТЫҚ ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН ЖАЛПАҚТАЛ

29 шілде күні "Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы" мегажобасымен Жалпақтал ауылдық округі достық туын желбіретіп Қазталов ауылына келді.
Қазталов ауданы орталығындағы "Достық" саябағында орын тепкен ақшаңқай киіз үйде Қазталов пен Жалпақтал ауылының жайсаңдары мен ақсақалдары бас қосып, жалпақталдықтардың арнайы даярлаған дастарханынан дәм татты. Қазақилықтың иісі аңқыған бұл ақ отаудың іші де керемет безендірілген екен. Дастархан басында қонақтарға шұбат пен қымыздан шөл бастырып, бауырсақ, қазы-қартадан дәм ұсынылды.
Сонымен қатар қазталовтықтардың назарына аудандық мәдениет үйінің фоесінде қылқалам шебері, жерлесіміз Сәкен Ғұмаровтың көркем сурет галереясын тамашалаудың сәті түсті.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде  Жалпақтал ауылдық округінің көркем өнерпаздары қазталовтық ағайындарға өз концерттік бағдарламаларын тарту етті.
Қонцерттік бағдарламада жаңаша стильде әрленген күйлермен қатар "Миллион раушан гүл", "Әгугай домбыра", "Қамыссамар", "Жалпақталым" әндері және Ретро әндерден попурри орындалып, жиылған көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ал, Бағдат Жәнібекова жетекшілік ететін "Аққу" би тобының мың бұрала билеген сан алуан билері және Талғат Нығматуллиннің жеке орындауындағы "Робот" биі көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл концерттік бағдарламаның ерекшелігі Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин мен аудандық мәслихат депутаты Дулат Ихсанов киелі сахнадан табылып, "Надежда" әнін өз деңгейіне жете орындап, жұртшылықты таң-тамаша қылды. Мегажоба ЖАлпақтал1
Кеш соңында сөз алған Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев Самиғолла Сафиоллаұлы бастаған жалпақталдықтарға осындай тамаша кеш сыйлағандары үшін қазталовтықтардың атынан алғысын білдіріп, мегажобаның кітапшасын қабылдап алды.
Сондай-ақ сахна төріне көтерілген "Нұр Отан" партиясы Қазталов аудандық филиалының сектор меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева осындай әсерлі де, тамаша кешті тарту еткен көркем өнерпаздарға "Нұр Отан" партиясы және халық қалаулылары атынан ризашылық лебізін жеткізді.

Қайрат Жақып

Қазталов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале