20.11.2015, 17:06
Оқылды: 14

Дін, дәстүр және халық бірлігі

религия1   Облыстық қазақ драма театрында «Қазақстан халқы ассамблеясы – 20 жыл: дін, дәстүр және халық бірлігі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Облыстық дін істері басқармасы мен Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің әр аймағынан ғалымдар мен оқытушылар, облыстық дін істері басқармалары мен дін мәселесін ғылыми зерттеу және  талдау орталықтарының мамандары, республикалық және облыстық ақпарат-түсіндіру топтарының мүшелері, тарихшылар мен студент жастар қатысты.

Секциялық жұмыстар қорытындыланғаннан кейін  пленарлық мәжіліспен жалғасын тапты. Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен биылғы жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясы  мен  Қазақстан халқы ассамблеясы 20 жылдығы секілді айтулы мерекеге толы болғанын ерекше атап өтті.

- Биыл ассамблеясының 20 жылдық тойы республикалық деңгейде мерекеленіп келеді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ассамблея құрылуының 20 жылдығын атап өту арқылы біз қазақстандықтардың рухани күш қуатын арттыруымыз және толеранттылығын еселеуіміз керек. Сондықтан да біз Қазақстан халқын мәңгілік құндылықтарды - ел игілігі жолындағы ынта мен жігерді, еңбекқорлық пен мақсаткерлікті арттыруға шақырамыз. Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы дінаралық татулықты сақтауда да ерекше басымдыққа ие. Дін  мемлекеттің қоғамдық, рухани өмірінің негізгі құрамдас бөлігі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне өзіндік әсері бар, айқындаушы сала деп бағаланады, - деді Бақтияр Мәкенұлы.

Жиында одан әрі «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» директорының орынбасары Ж. Дәуренов, ҚМДБ-ның ақпараттық-насихат тобының мүшесі, дінтанушы А. Қуанышбаев, Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Е. Шохаев, БҚО  Қазақстан халқы ассамблеясы хатшысының орынбасары Ғ. Қапақов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Д. Кенжетай, «Аңсар кеңес беру-оңалту» орталығының директоры А. Сабдин баяндамалар оқып, пікірлерін ортаға салды.

религия2

Конференция барысында зайырлы мемлекеттің конституциялық және құқықтық аспектілері, ұлттық құндылықтарды нығайту, жастарды этникалық және діни толеранттылыққа тәрбиелеу, лаңкестік идеялар мен радикализмге қарсы тұру дағдыларын қалыптастыру, экстремизммен күресуде Ресей елінің тәжірибесін қолдану секілді мәселелер қозғалды. Сондай-ақ дінтану пәні осы кезге дейін тек факультативті сабақ ретінде оқытылса, келесі оқу жылынан бастап міндетті пән ретінде енгізілмек.

 www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале