28.12.2015, 22:09
Оқылды: 17

Дәрігерлер мерейі тасыған күн

Medicina B Maken   Облыстық мәслихаттың үлкен залында  облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұжымы жылды қорытындылап, үздік еңбегімен көзге түскен  медицина қызметкерлерін марапаттады. 


 Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы қатысып, ақ халаттыларды құттықтады:

- Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы  Н.Ә. Назарбаев  халық денсаулығына ерекше көңіл бөліп: «Бұл тақырып әрқашан   менің бақылауымда»  деген болатын. Бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасына сәйкес, біздің өңірімізде де денсаулық сақтау саласында көптеген жұмыстар атқарылып, біраз жетістіктерге қол жеткізілді.   Халықтың әл-ауқатының басты құндылығы болып саналатын салаға айрықша көңіл бөлінуде. Біз алдағы жылда өткен жылдағы жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге сараптама жасайтын боламыз. Осы салада қызмет жасап жүрген ақ халатты абзал жандарға тек табыс тілеймін, - деді Бақтияр Мәкенұлы өз сөзінде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының   басшысы Қамидолла Ирменовтың айтуынша, өңірде соңғы бес жылда 24 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілген.  Оның 17-сі ауыл-аудандарда. Қазіргі күні қаладағы «Астана» шағынауданында басталған  300 төсектік көпбейінді қалалық аурухананың құрылысы  2016 жылдың бірінші жартысында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар соңғы бес жылда облыс тұрғындарының саны 634,2 мың адамға жетіп, өмір сүру ұзақтығы 71,14 жасқа ұзарған.  Соңғы бес жылда өңірімізге 400 жас маман қызметке келіп, олардың 50 пайызы ауыл-ауданға аттанған. Әр жыл сайын 500 маман шет елдерде білімін толықтырып, тәжірибе жинақтап келуде. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»  бағдарламасының соңғы жылына осылай нүкте қойылды.  Жаңа жылдан бастап 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Оның басым бағыттарының бірі - еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің құрылымын және ұйымдастыру қағидаттарын анықтаушы бастапқы буын ретінде медициналық-санитариялық көмекті одан әрі дамыту болмақ.

 Салтанатты шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, халықтар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Николай Дмитриенко, қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Сергей Бекежанов, облыстық клиникалық ауруханасының бас мейіргері Ольга Бошенятова «Шапағат» медалімен марапатталды. «Орал» ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының фтизиатры Лидия Махмудова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, бір топ дәрігер денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін төсбелгімен, тағы бірқатары облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың және қала әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хаттарымен марапатталды. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Бекет Бадашев өз өмірін қатерге тігіп, суға кетіп бара жатқан үш бүлдіршінді құтқарып, бүтіндей бір отбасыны сақтап қалғаны үшін «ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» медаліне ие болды.  Гиппократ антына адал бір топ дәрігерлер ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің  Алғыс хатымен, енді бірқатары Ұлттық денсаулық сақтау палатасының төрағасы Қадыр Омаровтың атынан еліміздің медицина саласын дамытуға қосқан жеке үлесі мен көп жылдық еңбегі үшін марапатталса, «Жыл үздігі – 2015» байқауында «Үздік дәрігер» деп танылған №4 емхананың дәрігері Толғанай Құсмағамбетоваға қошемет-құрмет көрсетілді.

www.zhaikpress.kz

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале