14.03.2016, 17:42
Оқылды: 25

Екпеден бас тартып, балаңыз өлім құшпасын

Ekpe bala   Облыстық денсаулық басқармасында екпеден бас тартқан балаларды ектіру мақсатындағы іс-шаралар бойынша брифинг өтті.

     Баспасөз мәслихатына облыстық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас маманы Айнаш Ғұбайдуллина мен штаттан тыс бас эпидемиолог Алмагүл Монтакова қатысты.


Баспасөз брифингінде мәлім болғандай, елімізде жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында екпенің 27 түрі енгізілген. Мұны бала дүниеге келген 4 күннің ішінде және кейінгі айларда емдік түрде алуы шарт. - Бұл шара гепатит, туберкулез, көкжөтел, сіреспе, пневмакок және қызылша секілді ауруларға қарсы тұруға арналған. Бұл екпелер өздігінен ауру тудырмайды. Бүгінде таңда облысымызда балалардың 97 пайызы екпемен қамтылып, мыңдаған бала көптеген жұқпалы аурулардан аман қалған. Вакцинацияның арқасында біздің өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты, - дейді мамандар.

Алайда дер кезінде екпе алуға кез келген ата-ана жауапкершілікпен қарай бермейді. Соның салдарынан бүгінде екпе алмаған сәбилер мен балалардың саны күн санап артып келеді. Өкінішке орай, екпе алмаған балалар жұқпалы ауруларға тез шалдығып, мүгедек болып қалуы да әбден мүмкін. Соңғы кезде соңы өлімге әкелген жағдайлар да тіркеліп отыр.  Айталық, бүгінгі таңда облысымызда  ата-анасы екпе алудан бас тартқан 565 бала тіркелсе, екпеге қарсы болғандардың 80 пайызы – теріс  діни пиғылдағы азаматтар.  Күні кеше ғана, 7  наурызда туғанына небәрі 18 күн ғана болған сәби анасының екпеден бас тартып, балаға тиісті  Ка дәруменін алмауы себепті шетінеп кеткен. Яғни медициналық міндетті ем шараны қабылдамаған.

- Бұдан өзге 2013 жылы екпе алмаған екі  бала көкжөтелмен, 2014 жылы бес бала қызылшамен ауырған. Ал өткен жылдың шілде айында бір бала туберкулезбен ауырып, облыстық туберкулез диспансерінен ем алған.  Биылдың өзінде екпе алмаған екі бала облыстық инфекциялық жұқпалы аурулар ауруханасында түсіп, ем алуда. Бұлар жасы бір айға толмаған көкжөтелмен ауырған сәбилер. Көкжөтел – жөтелмен қатар жүретін, ұстама тәрізді, дем жетпей тұншығумен өтетін ауру түрі. Қазіргі таңда сәбидің біреуі реанимацияда емін жалғастыруда, ал біреуі қаңтар айында емделіп шыққанымен, екеуінің де жағдайлары өте ауыр, - дейді Айгүл Жұбанышқызы.

Алайда ақжелеңділер қол қусырып отырған жоқ. Жыл басынан бері жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бұдан бұрын екпеден бас тартқан алты бала ем-шара қабылдаса, өткен жылы екпеден бас тартқан 30 бала екпе алған. Облысымыздың штаттан тыс бас эпидемиологы Алмагүл Монтакова вакцинациядан бас тарту тек сәбидің өзіне ғана емес, айналасына да қауіпті екендігін алға тартып, ғаламторда қаптаған екпенің құрамы мен сапасына күмән тудыратын дәйексіз деректерге сенбеу керектігін алға тартты. Өйткені біздің еліміз ең қымбат дәрілік жабдықтармен қамтамасыз етіліп,  құрамы қатаң тексерілетінін атап өтті.

Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау жүйесі және халық денсаулығы жөніндегі Кодексінің 156-бабының 1-тармағы бойынша Қазақстан азаматшасы болып табылатын әрбір ата-ана өз баласын жұқпалы ауруларға қарсы екпелермен, яғни вакцияна алуға міндетті деп жазылған.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале