30.11.2015, 18:50
Оқылды: 27

Елбасым – мақтанышым

Saltanat s02   Салтанат сарайында ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған «Н.Назарбаев - жарқын болашақты болжаған кемел еңбек» атты конференция өтті. Оған мемлекет орган, қоғамдық ұйым, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты.

«БҚО Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған шараның мақсаты - Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның зайырлы, құқықтық, толерантты ел болғандығын насихаттау. Еуразия кеңістігіндегі шиеліністкен этносаяси жағдайларға қарамастан, Мемлекет басшысының көрегендігінің арқасында республикамызда орнаған тыныштық, ұлтаралық, дінаралық татулық, берекелі тірілікті үлгі ету.

-Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Жиырма жылдан артам уақыт ішінде мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресе алатынын көрсетті. Осы уақыт аралығында республикамыз Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Азия ойындарына, өзге де халықаралық шараларға ұйытқы болуы, 2017 жылы «ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуі бұған айқын дәлел. Мұның бәрінің басында жүрген Елбасымыздың еңбегі ерен екендігі сөзсіз. Билікке келгеннен бастап көрегендік танытып келе жатқан Президенттіміздің ұстанған саясатының моделі бүгінде көптеген әлем қайраткерінің қызығушылықтарын тудыруда. Соның арқасында еліміз ешкімге ұқсамайтын экономикалық даму жолын бастады. Даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы көшбасшы елдердің қатарына қосылды. Сөйтіп Қазақстан әлемдегі өз орнын айқындап алды,-деді жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Конференция барысында баяндама жасаған М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова ел тарихын түгендеу, мемлекеттік идеологияны дамыту бағытындағы шаралаларға тоқталса, «Ақжол» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қайыржан Идиятов Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған экономикалық саясатты тілге тиек етті. «ҚР Президентінің бастамасымен жүзеге асқан ҮИИД бағдарламасының бірінші бес жылдығы аясында құрылған біздің компания бүгінде аяғынан тік тұра бастады,-деді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның директоры Асқар Ажаев.-«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алынған несиеміз демеуқаржыландырылса, Ұлттық техникалық даму агенттігімен өндіріп жатқан өніміміздің сапасын артыруға кеткен шығынның белгілі бір мөлшері өтелуде. Мұндау қолдау көп мемлекетте жоқ. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалып отыр. Сол үшін бизнес қауымдастығы Мемлекет басшысына риза».

«Зенит» зауытының бөлім басшысы Ольга Бедова ел тәуелсіздігінің елең-алаңындағы қиыншылықтарға тоқталып, Мемлекет басышысының сындыралы саясатының арқасында қазақстандықтар оның бәрін жеңгенін, сондықтан Елбасымен мақтанатынын  баяндады. Жаңақала ауданының Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанова мемлекеттік бағдарламалардың ауылдық жерде жүзеге асу барысын, ауылдағы ағайынның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтты. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, АҚШ азаматы Том Лум Қазақстандағы бейбіт өмірге, ұлтаралық татулыққа қызыға қарайтынын, әлі де Оралда өмір сүргісі келетін жеткізді. Осы Том Лумның шәкірті, аталмыш білім ұясының дарынды оқушысы Ернұр Қалихан мінберге шыққанда көпшілік оған ризашылықпен қол соқты. Себебі ол қазір 8-сыныпта оқуы керек болатын. Алайда, білімді жетік меңгеруінің арқасында Ернұр 10-сыныпта оқуда. Қазталов ауданында дүниеге келіп, ауыл мектебінде оқыды. 2012 жылы  Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы атанды. Бүгінде үш тілде еркін сөйлейтін ол түрлі білім сайыстарына қатысып, облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Шетелдік оқу орындарына барып, білімін шыңдауда. Жас өрендерге осындай жағдай туғызып, жарқын болашақтарына негіз қалап отырғаны үшін ҚР Тұңғыш Президентіне айтар алғысы зор. «Бізге үміт артқан Елбасымның, ата-анамның, ұстаздарымның сенім ақтау - басты міндетіміз,-деді ол.-Соған орай көштен қалмау үшін заманға сай сапалы білім алып, ұлжанды азамат болып өсу үшін саналды тәрбие алуымыз керек. Менің арманым - АҚШ-тағы Массчусетс технология институтында білім алып, болашақта ғарыш саласының маманы болу. Нұрсұлтан Әбішұлындай Мемлекет басшы барда мен секілді жасөспірімдердің мұндай армандарының орындаларына сенімім мол».

www.zhaikpress.kz

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале