14.12.2015, 19:14
Оқылды: 16

Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерді талқылауға арналған облыс активінің отырысы өтті

 aktiv jinalisi 01   Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерді талқылауға арналған облыс активінің отырысы өтті.

Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы стратегиялық құжаттың мемлекеттің өркендеуіне негіз қалайтынын айтып, аймақтың дамуына жол ашатын басым бағыттарына кеңінен тоқталды.


-Мемлекет басшысының  биылғы Жолдауының жөні бөлек. Өйткені  жаһандағы жағдай өзгерді, дүние жүзін дағдарыс дерті шарпыды. Қуат көздеріне, металға, өзге де шикізат түрлеріне баға төмендеді. Бюджетке кіріс азайды. Әлемдік экономикаға кіріккен ел ретінде біз де бұл өзгерістердің салқынын сезініп отырмыз.

Елбасы биылғы Жолдауында әлемдегі қазіргі дағдарысты жіктеп-жіліктеп, нақты талдап берді. Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде дағдарысқа қарсы алдын алу жұмыстары жүруде. Индустриалдық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық. «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қабылдадық. Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз.

aktiv jinalisi 02

Дағдарысқа қарсы үш маңызды стратагема анықталды. Біріншісі - өсім, яғни экономикалық өсім. Екіншісі - реформа. Бұл - экономиика, қоғам және мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Үшіншісі даму - қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту, - деген өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы алдағы меже әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру екеніне тоқталды.

Жолдаудың бірінші бағыты ретінде қаржы секторын тұрақтандыру белгіленген болатын. Осы бағыттағы маңызды міндеттерге тоқталған облыс әкімі Н. Ноғаев: «Бұл - қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру және оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру. Бұл орайда біз қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз қажет. Елбасы тапсырғандай, алдағы уақытта ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржысы есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибесі енді қолданылмайды. Сондай-ақ еліміздің қаржы секторын нығайту мақсатында банктердің қызметіне сараптама жүргізіліп, оның нәтижелері негізінде қазақстандық банктерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша шаралар қабылданады. Ұлттық банк болашақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуге күш салады. «Долларсыздандыру» арқылы ұлттық валюта - теңгеге деген сенімді нығайтатын боламыз. Бұл бағытта біздің облыста қазірден бастап нақты жұмыстар қолға алынды. Тұрақтандыруды қамтамасыз етудің басты шарасы - инфляцияның  өсуіне жол бермеу» деп атап көрсетті.

2015 жылдың 10 айында облысымыздағы инфляцияның жалпы деңгейі 107,7%-ды құрады (республикалық көрсеткіш - 108,2%). Соның ішінде азық-түлік тауарларына 5,1% (республикалық көрсеткіш - 5,2%), азық-түлік емес тауарларға - 13,1% (республикалық көрсеткіш - 13,9%), ақылы қызметтерге - 5,5% (республикалық көрсеткіш - 5,2%).

Жолдаудың екінші негізгі бағытына, яғни бюджет саясатын оңтайландыру мәселесіне тоқталған өңір басшысы: «Қазіргі уақытта бюджетке түсетін түсімдердің барлық түрлері әжептәуір кеміді. Сондықтан біз түсімдердің мөлшеріне қарай облыстық бюджеттің шығыстарының көлемі мен бағыттарын қайта қарап, тиімді және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуіміз қажет. Елбасы бюджеттің кіріс базасын ұлғайтуды міндетін алдымызға қойып отыр. Яғни 2017 жылдан бастап қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салық енгізілетін болады. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктер жойылады. Салықтық режим оңтайландырылады. Үш деңгей ғана қалатын болады. Олар  жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын, орта бизнес, аграрлық сектор үшін арнайы салықтық режим. Тағы бір айта кететін жағдай - мүлікті  жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұның бәрі «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығуға және салық түсімдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған шаралар» деп атап өтті.

2015 жылдың 10 айында мемлекеттік бюджетке 140,8 млрд. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналған (болжамға 76,4%), оның ішінде республикалық бюджетке түсімдер - 93,4 млрд. теңге (болжамға 68%), жергілікті бюджетке - 47,4 млрд. теңге (болжамға 101,1%). Бөлшек тауар айналымының көлемі 171,4 млрд. теңгені құраған. Өндірілген жалпы аймақты өнімінің көлемі 1,1%-ға өсімімен 759,0 млрд. теңге құрап отыр (2015 жылғы 1 жарты жылдығы). Ал біздің облыстың жан басына шаққандағы жалпы аймақты өнімі орташа республикалық деңгейінен 1,2 есеге көбейді және 585,2 мың теңге құрады. Қазіргі таңда облысымыздағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер 40,7 мың бірлікке жеткен.

Жолдаудың үшінші бағыты - жекешелендіру  және экономикалық бәсекелестікті ынталандыруға тоқталған өңір басшысы Елбасының еркін бәсекеге жағдай жасауды тапсырғанын айтты. «Бұл орайда монополияға қарсы қызмет күшейіп, бағаны жасанды реттеу түріндегі бұрмалаулар жойылатын болады. Нарықтық экономика - бұл күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе бизнесін басқа қырынан қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Тиімсіз компанияларға мемлекеттен түрлі субсидиялар мен жеңілдіктер беруді, яғни бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындарды мемлекет есебінен «сүйреуді» тоқтатуымыз  қажет. Осы бағытта Елбасы жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті, барынша жеңілдетілген рәсімдерін жасауды тапсырды», - деді Н. Ноғаев.

Жолдаудың төртінші бағыты - жаңа инвестициялық саясаттың негіздері жайлы сөз еткенде облыс әкімі өңіріміздің экономикасына инвестиция көлемі 236,7 млрд. теңгені құрап 20,9%-ға, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі - 15,1%-ға (68,2 млрд. теңге) өскенін тілге тиек етті.

Жолдаудың бесінші бағыты - жаңа  әлеуметтік саясат жайына арнайы тоқталған облыс әкімі азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасы жасақталатын еске салып өтті. «Жаңа бағдарламаның қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, ол жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектеледі», - деп атап өтті.

 www.zhaikpress.kz

Нұрлыбек РАХМАНОВ

Нұрбек ОРАЗАЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале