30.11.2015, 20:17
Оқылды: 26

«Елбасы – елдіктің тұтқасы» атты салтанатты кеш өтті

Akjayik elbasi eldik nyskasi   Чапаев ауылында осындай атпен Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара өтті.

«Мерей» мәдени-демалыс орталығының басты залына мерекелік көңіл хошта жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сөз сөйледі.

– Бірлігіміздің, ұғыныстығымыздың, келешегімізге сенімнің, тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтудың зор нышаны болып табылатын 1 желтоқсан мерекесі Елбасымыздың жаңа Жолдауымен тұспа-тұс келуінде бейнелік айтулы маңызы бар деп есептеймін. Жаңа құжатта Мемлекетіміздің басшысы дағдарыстан сүрінбей өтуіміздің жіті бағыттарын белгілеуімен қатар экономикалық-әлеуметтік серпіліс жасаудың жолдарын нақты белгілеп берді. Сөйтіп, болашаққа деген жұртымыздың сенімін ұштады.


Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық меретойына елеміз тың жетістіктермен барары сөзсіз. Бұған кепіл – бағытымыздың айқындығы, мұратымыздың мығымдығы. Дағдарыстан дамуға қадам басарымыз кәміл. Ақжайықтықтар жаңа Жолдауды қуаттай отырып, еңбекте ширығу танытары шүбәсіз,-деді аудан басшысы.

Ә.Т.Жоламанов әдеттегідей, осы мерейлі мерекеде дәстүрге айналғандай «Нұр Отан» партиясы қатарына өтушілерге куәлік тапсырып, оларға игі лебізін арнады. Мәдениет қызметкерлері Асылан Бақтығалиев, Венера Нұрғалиева, Әнуар Нұрғалиев, мұғалімдер Зинегүл Әбдрахманова, Назира Дендерова, Әйгерім Амангелді, Әйгерім Темірболатова партиялық билеттерді ерекше толқыған күйде қолдарына алды.

Осыдан соң «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ұйымдастырған «Елбасы – ел тірегі» атты шығармалар және поэзия жанры бойынша байқаудың жеңімпаздары – оқушылар Кәмшат Борисова (Ақсуат ауылы), Мансұр Ізімов (Алмалы ауылы) марапатталды.

Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Мейрам Шутанов жуырда Қарулы Күштері қатарына аттанатын Әлішер Бисенғалиев, Сағындық Мұсаұлы, Амангелді Салықов (Бударин), Батырхан Ғапбаров (Жаңабұлақ), Айбек Ғалиақпаров, Еламан Жекенов және Аянбек Қадешовке (Чапаев) естелік сыйлықтар тапсырды. Будариндік ертеңгі сарбаз Әлішер Бисенғалиев Отан алдындағы міндет пен парызды мүлтіксіз атқаратындары жайында баяндап берді.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале