9.11.2015, 9:03
Оқылды: 31

Елбасы ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясына қатысты

Iunesko Nazarbaev    Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін атап өтті, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан негізгі басымдығы Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналатын ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өзі осы мінберден 20 жыл бұрын баяндаған мақсат-міндеттердің бәріне, сондай-ақ БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарына біздің ел қол жеткізгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттердің күйреуі мен қақтығысы ушығып кеткеніне арнайы тоқталды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында өткен дебаттар әлем дамуының жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін дәлелдеп берді. Қазақстанның халықаралық бастамалары осы маңызды міндетті орындауға бағытталған. Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045» жоспарын ұсынамыз. Оның мәнісі – соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себептеріне жол бермейтін бүкіләлемдік даму стратегиясын жасау, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Француз монахы Гильом Рубрук 13-ғасырдың ортасында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болғанын еске салды.

Былтыр Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне Ұлы Жібек жолында орналасқан сегіз археологиялық нысан енгізілді. Бұл тізімде толеранттылықтың, діни төзімділік пен достықтың символы – Қойлық қаласы да бар. Еліміз таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Біз Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын жаңғыртып жатырмыз. ЮНЕСКО-ның алдын ала есепке алу тізіміндегі ескерткіштер мұқият қорғалуда.

Соңында Қазақстан Президенті еліміздегі білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформаларға және Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындық барысына тоқталып, барша делегаттарды осы көрмені келіп көруге шақырды.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале