11.09.2015, 20:08
Оқылды: 36

Елдіктің тойындағы ерекше сый

Zelenov eldiktin toyindagi erekshe syi  Зеленов ауданында «Тарих – ғасырлар куәсі» тақырыбымен аудандық оқушылар форумы өтті. Елбасының қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығына Елорда төрінде өтіп жатқан салтанатты жиынға орай ұйымдастырылған шарада мектеп оқушыларына ерекше сый жасалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы» - деген толғанысы бар. Сондықтан елдік ауқымда аталып жатқан мерейлі шаралардың дәл осы мектеп оқушыларына, ел жастарына бағытталғаны ләзім. Жастардың жарқын болашағын қапысыз қамдау ісі ұлт тарихын танытудан, елдің өткенін дәріптеп, кешегісіне құрмет көрсетуден басталмағы игі.

Хандықтың 550 жылдығы тұсында төл тарихымыздан тәбәрік ретінде әр мектеп оқушысына сыйлық ұсынуды ойға алған аудан басшысы Кәрім Жақыпов «Жайық Пресс» ЖШС ұжымының ұйымдастыруымен дайындалып, мұқабасына қазақ хандарының суреттері бейнеленіп, елдік жолында еткен еселі еңбектері жазылған қалың дәптерге тапсырыс берген.

– Биыл тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ хандығының 550 жылдығы ұлан-асыр тойлануда. Өткенімізді терең зерделемей, болашақты болжау мүмкін емес. Қазақ хандығының мерейлі жылы – ол біздің тарихымыз, ата-бабамыздың өткен жолы. Біздің мақсат тарихымызды бүгінмен байланыстырып, елдігімізді дамыту түсу, жарқын болашаққа нық қадам жасау. Құрметті жас өрендер! Тарихымызды ерекше құрметтеп, мақтан тұтып, елін сүйер патриот болып өсулеріңе тілекшімін, – деген аудан басшысы форумға қатысушы 300-ге жуық өренге  қазақ хандарының бейнесі басылған дәптерлер тарту етті.

Қазақ хандығының құрылу тарихынан бері тұңғыш тойланған мерейлі шарадан естелік ретінде дайындалған дәл осындай аудан әкімінің сыйлығы әлі мыңнан астам өренге табысталмақ.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале