7.07.2016, 18:32
Оқылды: 23

Елдің тыныштығы мен тұрақтылығына баса мән берілді

????????????????????????????????????

    Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Бекқайыр Жалпақтал ауылында болып, мекеме басшылармен, қоғамдық келісім кеңестің мүшелерімен кездесті.

   Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен бас қосуда округ әкімі Самиғолла Ақмурзин алты ай ішінде атқарылған жұмыстардан және ауылдағы діни ахуал туралы хабарлама жасады.


  Хабарламашы ауылдық жерде діни ахуалдың тұрақтылығын тілге тиек етіп, К.Меңдәлиев атындағы орта мектеп жанындағы өнер бөліміне статус беру, саябақ ауласындағы «Модуль» кафесін күрделі жөндеу, ет комбинаты бағытына техникалық су тарту секілді басқа да ұсыныстарын жеткізді. Мұнан кейін аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Артур Айтжанов жер реформасы туралы айтып, жан-жақты түсіндіріп өтті. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин:

   -Тіл мәселесі елімізде қызу талқылануда. Ал, біздің ойымызша, оларды былай қоя тұрып, алдымен біздер, ата-аналар, өзара пікір алысып, ортақ түсініктің жолын өздеріміз іздегеніміз дұрыс сияқты. Өйткені, түптеп келгенде, тек біздер – ата-аналар өз перзенттеріміздің келешегіне тікелей жауаптымыз. 2016-2017 оқу жылында 1 сыныпқа жаңартылған білім мазмұны енгізілсе, 2017-2018 оқу жылдарында 2, 5, 7 сыныптардың оқу құралдарын жаңарып, дайындық жұмыстарын жүргіземіз,-деді білім бөлімінің басшысы. Сонымен қатар кездесуде аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазизов жергілікті қоғамдастықтың жұмысын ұйымдастыру туралы хабарлама жасады. Кездесуде облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов, «Ертегі» бөбекжайының әдіскері Салтанат Ғаббасова өздерінің ұсыныс пікірлерін айтып, тұшымды жауаптар алды.

    Басқосуда сөз алған аудан басшысы:

   -Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, тек қана қазақ тілін қолданайық деп даурыға берудің қажеті жоқ. Одан да біз мемлекеттік тілді дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйренеміз керек. Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазақ мектебінде оқыған жас қалада тұрғаннан кейін орыс тілін де білетіні айдан анық. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикамыздың барлық өңірінде қоғамдық келісім кеңестерін құруға тапсырма берген болатын. Бұл кеңестің қоғамдағы рөлі өте зор. Себебі біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамып отырғаны тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халық мәтелі бәріңізге белгілі. Ең басты ұстаным – бірлік, келісім болған жерде ғана даму бар екенін түсіндіру. Ауылдағы қандай да мәселе болса халықпен бірлесіп шешу қажет. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығына баса мән беру керек,-деп жиынды қорытындылады Нұрлан Мағазұлы.

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале