26.05.2016, 13:07
Оқылды: 19

Елеулі жанға ескерткіш тақта орнатылды

Shingirlau eskertkish    Биылғы оқу жылын түйіндеп, оқушыларды жазғы демалысқа аттандыратын шуақты мереке-соңғы қоңырау салтанаты  аудан бойынша өз деңгейінде оздырылды. Ізгі шараларға қатысу үшін ауыл-ауылдарға аудан мекемелерінен арнайы өкілдер жіберіліп, мектептердің мерекесін бөлісті.


    Ақбұлақ ауылдық округінің Тасмола ауылында да осынау салтанатқа ауыл халқы түгел жиналып, оқу жылының аяқталуы мерекесіне осыдан 30 жыл бұрын және 50 жыл бұрын осы мектепті бітірген түлектер қатысты. Биылғы мектеп бітіруші 10 оқушыны салтанатпен ортаға шақырған мерекеде бұрынғы мектеп шәкірттері де сапқа тұрды.  Мектеп директоры биылғы оқу жылының жемісті болғанын айта келіп, осыдан ілгері жылдардағы түлектердің де бүгінгі жиынға атсалысуы туған ауылға, білім ордасына деген өлшеусіз сүйіспеншілік сезім, әрі патриоттық тұрғыда үлкен өнеге- тағлым екенін атап өтті.  Салтанатты шара бұрынғы және бүгінгі түлектер лебізімен жалғасып, жиынға облыстан келген арнайы өкіл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Ә.Шүйіншәлиев, аудандық экономика және қаржы бөлімі бастығының орынбасары С.Баймұханов, аудандық Білім бөлімінің нұсқаушысы М.Сатыбалдиев түлектерге сәт сапар, ұстаздарға жемісті еңбек жылдарын тіледі.

    Осы шарада мектеп басшысы бұған дейінгі жылдар белесінде мектеп басшылығында 5 директордың халыққа қызмет етіп келгенін, солардың ішінде Тасмола мектебін 30 жыл басқарып, елдің есінде ұлағатты ұстаз, парасатты басшы, биік адами болмысымен мәңгі қалған, КСРО білім беру ісінің үздігі және Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Михаил Михайлович Фугаровқа арналған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімін жасады. Қайраткер тұлғаға арналған ескерткіш тақта 1966 жылғы түлектер ұсынысымен қолға алынып, орнатылды. Оқу жылын осындай жетістіктермен аяқтаған шара соңы мектеп ұжымы және оқушылары даярлаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

www.zhaikpress.kz

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале