15.12.2015, 19:55
Оқылды: 57

«Елі үшін батыр туады, елі үшін жанын қияды»

  UVD eli yshin tuadi  Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облысы ІІД құқықты тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының аумағында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған Батыс Қазақстан облысы қызметкерлерінің құрметіне арналған  мемориалдық кешеннің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Полиция капитаны Байтасов Ғазиз Әбдібекұлы және біздің жерлестеріміз қатардағы полицей Казиев Байжан Маулетұлы, милиция сержанты Мумбаев Иват Құбайдоллаұлы, милиция лейтенанты Тажмухамбетов Сәрсенбай Исмағұлұлы, милиция аға сержанты Рушанов Мәлік Сағынұлы, милиция сержанты Кучер Олег Петрович, милиция майоры Шошин Павел Петрович, полиция лейтенанты Сафиуллин Шыңғыс Нажиоллаұлы өз қызметтік және адами міндеттерін атқару кезінде өмірлері қыршыннан қиылды.


Олардың есімдері мемориалдық кешенде мәңгілікке сақталды. Кешеннің жоғарғы бөлігіне Халық Қаһарманы – Ғазиз Байтасовтың суреті ілінді. Жол полициясы жеке батальоны бірінші взводтың командирі полиция капитаны Ғазиз Байтасов ел қамы үші қызмет етіп, жол үстіндегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Тараз қаласында терроршылар қарапайым адамдарға оқ жаудыра бастаған кезде, жауға тайсалмай, қайсарлық танытып, қарулы террористі құрықтап, оның қолындағы гранатасын кеудесімен жауып, осы лаңкестік әрекеттен ондаған адамның өмірін құтқарып, өзі ерлікпен қаза тапты.

Туған елі мен халқының алдында ерен ерлік танытқаны үшін Ғазиз Байтасовқа қаза болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен  Қазақстан Республикасының ең жоғарғы атағы «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, Қазақстан Республикасының «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерімен наградталды.

Шақырылғандардың қатарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелері, атап айтар болсақ, Мумбаева Ақұштап, Мирманова Гүлжамал Хамидуллинқызы, Казиев Амангелді Маулетұлы, Рушанова Гүлнар Мәлікқызы, Кучер Петр Лаврұлы, Кучер Анна Евтуховна, Орынай Мәлікқызы болды.

Мемориалды кешенін салтанатты түрде ашу құқығы Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Бисенқұлов Берік Байболұлына және Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Макен Бахтияр Макенұлына берілді.

«Ғазиз Байтасов ерлігімен бүгінгі күні Отанын қорғай білетін нағыз батырлардың бар екенін растады. Бүгін, батысқазақстандық сақшылар Ғазиз Байтасовтың есімін мемориалдық тақта алдында құрмет тұтты. Сондай-ақ, отандастары үшін жанын қиған қызметкерлерді болашақ ұрпаққа үлгі етеді. ҚР Ішкі істер министрлігі биыл үшінші жыл қатарынан Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың құрметіне орай «Қазіргі заман қаһарманы» атты акция ұйымдастырып отыр. Биыл Қызылорда қаласында өткен акцияға республиканың  әр облысынан ерлігімен көзге түскен 15 қызметкер қатысып, «Қазіргі заман қаһарманы» статуэткасымен марапатталып, ҚР ІІМ алғыс хаттары табыс етілді. Біз ІІМ, ІІД басшылығы бейбіт өмірде  тәртіп сақшыларының қаза болмауы үшін тырысып бағамыз», - деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің полиция генерал-майоры Б.Б.Бисенқұлов.

Облыс әкімінің орынбасары Б.М.Макен есімдері мемориалдық тақтаға мәңгі сақталған қаза болған қызметкерлердің туыстарына: «Сіздің қайғы – біздің де қайғымыз. Біз оларды мәңгі есте сақтап өтеміз. Ерлікпен қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлерінің аналарына, жұбайларына, балаларына бас иеміз», - деп басу айтып, қайғыларына ортақтасты.

«Жақын адамыңнан айырылу қиынның қиыны. Бұл қайғының орнын ешқандай нәрсемен толтыра алмайсың. Десек те, қатарлас әріптестерінің көңіл бөлгені бізге әрі қарай өмір сүруге күш береді...», - деді 1992 жылы 23 жасында қылмыскерлер тобын құрықтау кезінде қылмыскер сұққан екі пышақ жарақатынан көз жұмған милиция сержанты Иват Мумбаевтың анасы.

Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты және қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған ІІД қызметкерлерін  бір минут үнсіздікпен еске алды. Қаза болған қызметкерлердің туыстарына алғыс хаттар табыс етілді.

Батыс Қазақстан облысы ІІД бастығы полиция полковнигі М.Х.Абисатов қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған мемориалдық тақтаны ашу міндетінің ақыры жүзеге асқанын атап өтіп: «Қаза болғандардың есімі оларды жеткізуші ұрпақ тірі болғанда ұмыт қалмайды», - деді ол.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде елеулі үлес қосқаны үшін, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша ішкі істер органдарын материалды тұрғыда қамтамасыз еткені үшін Батыс Қазақстан облысы әкімі Н.А.Ноғаев, облыстық мәслихат хатшысы М.И.Құлшар алғыс хаттармен марапатталды.

Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты және қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған ІІД қызметкерлерінің естелігіне арналған мемориалдық кешенін, ІІД құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының аумағын, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті және Ішкі істер департаментінің Шалқар көліндегі қоғамдық тәртіпті күзету және оқу-жаттығу полигоны базасында ату орындарының құрылысына белсенді ат салысқаны үшін «Уральскстройинвест» ЖШС директоры А.К.Безьянов, «Бекқалиев» ЖК директоры С.Р.Бекқалиев., «Степанов» ЖК директоры н.В.Степанов алғыс хаттармен марапатталды.

Шара соңында мемориалдық кешенге гүл шоқтары қойылып, полиция қызметкерлерінен құралған сап,  оркестр салтанатты шерумен мемориалдық кешен алдынан өтті.

www.zhaikpress.kz

БҚО ІІД баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале