27.10.2015, 15:07
Оқылды: 22

ЕЛ ЕРКЕСІНІҢ ЕСЕБІ


Жаныл3Иә, ел еркесінің Бөрлі сахнасын әнге бөлеп келе жатқанына 25 жылдан астам уақыт болыпты. Бүгінде аудандық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін адал атқарып жүрген Жаңыл Чугирова айтулы датаға орай «Елімнің бір еркесі мен боламын..» атты ән кешімен халыққа есеп берді.  

Тек өзіне тән қоңыр дауысымен ерекшеленіп тұратын әнші-термеші Жаңыл Кәрімқызы бала кезінен қазақтың киелі домбырасын қолына алып, әйгілі әнші-термешілер Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашева, Ғарифолла Құрманғалиевтардың әндерін орындап жүрді. Ерекше дауыс иесі әр жылдары оздырылған байқауда жеңімпаз атанып, атаулы даталарға орай медальдармен марапатталып келеді.

Шығармашылық кеш барысында аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының  бірінші орынбасары Мереке Изтілеуов кеш иесін аудан әкімі Марат Түсіпқалиевтің алғыс хатымен марапаттады.

жаныл2Аудандық мәслихат хатшысы Әділхан Құлекешев және бір топ өнер жанашырлары сөз сөйлеп, Жаңыл Кәрімқызына ақжарма тілектері мен өлең шумақтарын арнап, естелік сыйлықтар табыстады.

Кеште халық әндері, халық компазиторларының әндерімен қатар, әке мен анаға, өмірлік жарына, қызына арналған әндер шырқалды. Ал достарға арналған ән залды орнынан тік тұрғызды.

Өз өнерімен, қажырлы еңбегінің арқасында елге сыйлы жан ән кешінде Ш.Қалдаяқов, К.Дүйсекеев, Е. Хасанғалиев, Ф.Оңғарсынова, Қ. Құрманалиев, С.Мұқамбетжанов, Ұ.Сариева, Д.Қажымов, Р.Әлқожа, Б.Тәжібаевтардың әні мен сөзіне жазылған әндерді шырқады.

Кеш иесі  Б.Заитов жетекшілік ететін «Назқоңыр» фольклорлық  ансамбілі және Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері халықтық хорының жетекшісі А.Мирошниченконың сүйемелдеуімен бірнеше ән айтты.

Сонымен қатар термеші Мұхит Бірәнов, «Ғұмырдария» триосы, Самал Дінғалиева, Қарлығаш Мұхитова, Айдос Ажкенов, Вераника Давлетова, Нұрлан Салахатдинов, Ұлан Рамазановалар да көрерменге тамаша әндерін тарту етті.

«Назерке» (А.Мұқанғалиева) үлгілі би ансамблі, «Ақ жұлдыз» (Л. Морозова) спорттық би клубы, «Еркетай» (А.Бисенғалиева), «Назгүл» (Р.Қанатова) би топтары ән кешінің ажарын ашты.

Бөрлінің талғампаз көрермені алдында алғаш есеп берген Жаңыл Чугированың құшағы гүлге толып, өнер сүйген халықтың ыстық қошеметіне бөленді.

www.zhaikpress.kz

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале