24.06.2015, 13:18
Оқылды: 39

Ел-жұртының еркесі – Ескендірдің ән кеші

Karatobe Hasangaliev   Батыстың қақпасы Ақ Жайықтың төрінен бастау алған Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің кіндік қаны тамған туған өлкеге сапары сағыныш самалын есе келді. Танымал өнер тарланының «Атамекеніне» әркез тік тұра қол соғатын күллі қазақ оның әр туындысынан ерекше шабыт алады.

Ал, ең алғаш 21 жасында жазылған «Анаға сәлемі» – кіршіксіз дүниенің аппақ әлемі. Орталық алаңда қоңыр салқын кеште өткен «Туған жер – әнім» атты әнші-композитордың шығармашылық кешін қаратөбелік ағайын ерекше сезіммен қарсы алды.

Ел-жұртын әнімен тербеп, сазымен емдеп, мерейлі 75 жастың төріне шыққан Е.Хасанғалиевке аудан халқы атынан аудан әкімі Асхат Шахаров сәйгүлік мінгізіп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Жергілікті өнерпаздар да сазгердің әндерін орындап, мереке шырайын аша түсті. Түн ортасына дейін созылған ән мерекесі Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтердің орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталып, мерекелік отшашулар орнады.

Қасиетті Рамазан айында елге ат басын бұрған Хасанғалиевтер отбасы ертесіне Сулыкөл ауылдық округіне аялдап, ата-баба аруағына құран бағыштады.

Дара дарын иесі Е.Хасанғалиевтің қасында жары «Құрмет» ордені мен «Шапағат» медалінің иегері Дарико Сопыжанқызы, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаты, өнерде әке жолын жалғастырушы әнші-композитор Біржан Хасанғалиев, немересі Канаданың Торонто қаласындағы кино-режиссерлер дайындайтын жоғарғы оқу орнының студенті Амир Аменов бірге жүрді.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале