22.02.2016, 10:24
Оқылды: 46

Ел төрінде – Гауһар той иелері

????????????????????????????????????

    Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі еңбек ардагерлері Елдес Нұржанов пен Раушан Слямғалиқызының бір шаңырақ астында ғұмыр кешкендеріне 60 жыл толуына орай салтанат ұйымдастырды. Бұл әрине, тек олар үшін емес, бүкіл ел-жұрт үшін елеулі күн болғандықтан, салтанатқа жиналғандар аз болған жоқ.


Гүл шоқтарымен көмкерілген үлкен залдың төріне бөлімнің бас маманы Эльмира Қанатқызы ардақты ата мен әжені, оның ұрпақтарын шақырды. Той иелеріне символдық неке куәлігін тапсыру мен ұрпақтары сыйлаған алтын сақинаны олардың алмастыруы ғибратты ғұмыр төрін нұрға бөлегендей. Олар осы, яғни өмір-өзендегі қымбатты да қимас сәтті «Құрмет кітабына» қол қоюлары арқылы тіпті айшықтады.

Шырайлы шарада аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова сөз сөйледі. Ол бүгінгі Гауһар той отбасы құндылығының қасиетін, киесін сөзсіз әйгілейтінін айтып, аудан әкімі Әділ Жоламановтың атынан ардақты жандардың 60 жылдық некелік ғұмырларына шексіз ризашылық танытып, естелік сыйлықтар тапсырды.

1956 жылы отау құрған олардың ғұмырынан адал еңбекке сүйенген аға ұрпақтың ақ жолы әбден аңғарылады. Балауса шағынан есеп-қисапқа мықты болған отағасы 60-жылдары Алматы есеп техникумын бітірді. Аудандық банкте басшы болды. Еселі еңбекті үлгі тұтты, жастарды тәрбиеледі. Зайыбы да аудандық электр жүйесінде есеп-қисап бөлімінде еңбек етіп, өзгеге үлгі көрсетті. Екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жеті немере, үш жиен, бес шөбере сүйіп отыр.

Құдағайлары, 90 жастың төрінде отырған Назым Сүндетқалиқызының ыстық ықыласы да бұл шаттықты одан әрі қанаттандырды. Шарада осы некеге 60 жыл бұрын куә болған Ғилаж Лұқпанов пен оның қосағы Меңсұлу Ермекқызы сөздерінен олардың ғасыр төрінде қалған шуақты күндері қылаң берді.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале