21.05.2015, 12:22
Оқылды: 61

Ерекше ротаның командирі

Kenjegali Jangirov     Біз әңгімемізге арқау етіп отырған қаратөбелік Кенжеғали Жәңгіров 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қайнаған қақ ортасында жүріп, 48 армия 399 атқыштар дивизиясы 1343 атқыштар полкінің құрамындағы ең бір батыл командирлердің бірі болып жаумен нағыз ерлерше, батырларша шайқасты. Соның жарқын дәлелдерінің бірі - тактикалық жеңіске ие болғаны үшін әскери қолбасшылар марапатталатын « Александр  Невский » орденінің иегері болғандығы.

 

К.Жәңгіров 1912 жылы 15 наурызда Батыс Қазақстан облысы   Қаратөбе ауданының Ақкөл елді мекенінде дүниеге келген.

1930 жылы қазақ мектебінің 7 сыныбын бітірген  кейін Кенжеғали ауылдағы өндірістік және қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол «Аққозы» ет кеңес шаруашылығында техник хатшы, Қаратөбе байланыс бөлімшесінде қызметші болып жасады. 1936 жылдың басынан бастап 1942 жылға дейін Жымпиты ауданында мәдениет бөлімінде еңбек етті. Осында жүріп Ұлы  Отан соғысының майданына  аттанды.

Кенжеғали Жаңгіров майдан далаларында нағыз қаһармандық ерліктің үлгілерін көрсетті. Әскери өмірдің алғашқы күндерін Тула, Курск бағытында бастады. 1942 жылдың сәуірінен 1943 жылдың желтоқсанына дейін 1285 атқыштар полкінің құрамында взвод командирі болып алғашқы ұрысқа қатынасқан ол, кейіннен әскери білімін жетілдіріп кіші командир атағына ие болды. 1943 жылдың қыркүйек айынан бастап соғыс аяқталғанша ерекше атқыштар ротасының командирі болып, Орталық майданда, одан  кейін  Брянск майданында соғысты жауынгерлерді ерлік пен жеңіс жолына бастады.

1942 жылы  отызға жаңа шыққан жас жігіт аса пысық та алғырлығымен өз   командирлеріне жақсы ұнағанды. Әсіресе оның батылдығы мен шешімпаздығы Кенжеақаңды үлкен беделге ие етті. Ол ерекше ротаға командир болып, талай рет қиын тапсырмаларды тапқырлықпен орындай  білді.

...Бұл 1944 жылдың 20 қаңтарында болған еді. Кеңес Қарулы Күштері инициативаны өз қолына алып, бүкіл майдан бойында жауды өз жеріне карай мықтап тықсырып бара жаткан кез болатын. Біздің әскерлер Нарва өзеніне қарай тақап қалған. Аржағында дұшпанның мықты бекінісі. Сүйем жерге аттасаң - қатерге аяқ басқаның.

1343-ші атқыштар полкіне Нарва өзенінен өтуге бұйрық берілді. Оның ішінде К.Жәңгіров  басқаратын рота өзеннен бірінші болып өтуі тиіс. Бұрын да талай қиын тапсырмаларды орындап, шайқаста шыныққан, оның үстіне дұшпанның айла-тәсілін әбден біліп алған жауынгерлер тіпті жүрексінер емес. Рота солдаттары қару-жарақты сайлап, өтетін шебімізді белгілеп алады.

Немістер де тек жатқан жоқ. Кеңес әскерлеріне бөгет жасау үшін өзеннің мұзын ойып тастаған. Дегенмен біздің  жігіттер қапысын тауып, өзеннен аман-есен өтіп алып, дұшпанға тарпа бас салады. Кеңес солдаттарының тегеурінді екпініне төтеп бере алмаған дұшпан әскерлерінің артына қайырылып қарауға да шамасы келмеді. Сол күнгі шайқаста рота олжасыз болмады. 17 жауды жер жастандырып, 8-ін қолға түсірді. Оның ішінде бір унтер офицері бар. Келесі күні ротаның олжасы одан да қомақты болды. Немістің елу қарақшыларын атып түсіріп, бір ұшқышы  тұтқынға алынды.

Нарва түбіндегі шайқаста тапсырманы ойдағыдай орындап, фашистердің құрамасын жоюда тактикалық жеңіске ие болғаны үшін рота командирін К.Жәңгіровті қолбасшыға лайық «Александр Невский» орденімен марапаттады.

Капитан К. Жәңгіровтің майдан даласында жасаған ерліктері туралы 1975 --2003 жылдар аралығында облыстық, аудандық баспасөз беттерінде облыстық әскери комиссар, Совет Одағының Батыры И.Коняхин («Орал өңірі» газеті,12.04.1975ж., «Қарулас жерлестер» мақаласы; «Приуралье» газеті, 22.05.1984 ж. «Однополчане» мақаласы ), журналистер Қ.Хасанов, И.Сердалин, Д.Айтжанов және тағы басқалары жазған бірнеше мақалалар жарық көрген болатын. Кенжеқаң БАҚ өкілдеріне (Қаратөбе аудандық « Еңбек  туы» газеті № 18 ,02.03.1994 жыл.) берген бір сұхбатында былай дейді:

- «Ерекше рота дегеніміздің өзі айып ротасы ғой, ол рота бұрын сотталған, болмаса соғыс кезінде әртүрлі қылмыс жасаған адамдардан жасақталады. Оларға Отан алдындағы айыптарын жуып шәю үшін айып ротасына жіберіп, мүмкіндік жасайды. Осылай дей тұрсақта олардың көбі нақақтан жазаланып, Отанға қауіп туған қиынқыстау кезеңде өздері майданға сұранып келген әр ұлттың патриоттары еді.

Олардың арасында Отанға опасыздық жасағандары өте аз болды. Мұны мен өз тәжірибемнен біліп айтып отырмын. Айып ротасы майданның ең ауыр жеріне жіберіледі. Оларға шегінуге рұқсат  жоқ. Не болғанда да алға ұмтылып, жан беріп жан алысатын ұрыста жеңіп шығуың қажет. Олай болмаған жағдайда олардан опасыздық таңбасы алынбайды. Міне осындай ротаға командир болып, бас командованиенің бірнеше тапсырмаларын орындауға тура келді.

Бір жақсысы ротаның кіші командирлері өзім сияқты қан майданға пісіп шыққан ылғи ығай мен сығайлар екен. Ілезде іске кірісіп те кеттік. Ротада қанша адам болса соның әрқайсысының тағдырларымен жеке-жеке взводтарда сөйлесіп, танысуға тура келді. Көбі жетім қалып, ұрлық жасаған жастар екен, ішінде ақыл тоқтатқан, сауаттылары да, жоғары «саясилар да» болды. Бәрі де соғыс өнеріне жан сала кірісті. Бәрінің де арманы майданға кіріп, өздеріне таңылған жексұрындық атақтан құтылу еді. Даярлық кезінде бізді таңдандырғаны олардың көпшілігінің аса зерек, алғырлықтары болды. Соғыс өнерін тез меңгерді десем артық айтқан дығым емес».

Капитан Жәңгіров  басшылық жасаған ерекше ротаның бұдан бұрын да немістің төрт танкісінің күлін көкке ұшырғаны бар болатын. Енді, бірде ерекше рота  солдаттарына дұшпаннан тіл әкелу тапсырылады. Командир 16 солдатты қасына ертіп алып, дұшпанның бекінісін үш күн бойына торыды. Әккі болған дұшпан да тегіндікпен алдырсын  ба? Ақыры оныңда сәтін бір салды. Жаудың бір полковнигін қолға түсіреді. Жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындағаны үшін рота командирі «екінші дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» және кейіннен «бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталады, оған орден, медальдардан тыс Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен бірнеше рет алғыстар жарияланған.

Осы майдан даласында  батысқазақстандық жерлес үш жауынгер – офицердің :  қаратөбелік Кенжеғали Жәңгіров, сырымдық Сатан Арыстанов және тасқалалық Хайрош Едгиннің кездесулері өте қызық оқиға  болды.

Жерлестердің майдандық өмірі әртүрлі басталды. Жымпитылық Сатан Арыстанов Кеңес Әскері қатарына 1939 жылы шақырылып, аз уақыттың ішінде өзін жауынгерлік және саяси дайындықтың үздігі ретінде көрсетті. Төрт жылға созылған соғыста Сатан Арыстанов сержанттан капитанға, миномет ротасының командиріне дейін өсті.

Тасқалалық Хайрош Едгин әскер қатарына Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, 1942 жылдың басында шақырылды. Әскердің саяси қызметкерлерін даярлайтын курсты бітіргеннен кейін Х.Едгин Калинин майданындағы 153 атқыштар дивизиясы құрамында батарея командирінің  саяси орынбасары болды.

Жерлес жауынгерлердің майданда кездесулері де өте қызық.1943 жылы желтоқсанда Суворов орденді Новозыбков атқыштар дивизиясының 1343 атқыштар полкіне госпитальда емделіп шыққаннан кейін рота командирі К.Жәңгіров келеді.

Бірде Жлобин қаласының солтүстігінде қорғаныс шебінде ротаның окоптарын аралап жүріп, Жәңгіров рота позицияларының арт жағында орналасқан минометчиктерді көреді. Дереу сонда барып, «Командирлеріңді шақырыңдар!» дейді.  Жер кепеден сұңғақ бойлы, қараторы, омырауында бірінші дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендері жарқыраған капитан жүгіре шығып, «1343 атқыштар полкінің құрамындағы миномет ротасының командирі капитан Арыстанов!» деп рапорт береді. Сенерін де, сенбесін де білмей, аң таң болып қалған Кенжеғали «Сатан, сенбісің, әй» деп жолдасын құшақтай кетті.

Тағы бір есте қаларлық кездесу, 1944 жылы маусымның бас кезінде капитан Жәңгіровтің ротасының бақылау пунктіне артиллерия әскерлерінің погонын таққан жас офицер  келіп, «76 миллиметрлік зеңбіректер взводының командирі аға лейтенант Едгин. Сіздің ротаны қолдауға келіп отырмыз» деп рапорт берді.

Капитан Жәңгіровке қазақ жігіті таныс көрінді. Бірақ ол аты жөнін есіне түсіре алмай, «қай жерденсің» деп сұрады.

Батыс Қазақстан облысынанмын, жолдас капитан! деп жауап берді Х.Едгин екеуі шүйіркелесіп әңгімелесе кетті. Сол жерде ол Сатан Арыстановтың  да осы  батальонда  миномет  ротасының  командирі  болып қызмет істейтінін айтты, және оны дереу бақылау пунктіне шақыртты.

Сөйтіп үш қарулас жерлестер  майдан шебінде осылай табысты. Бұдан кейін олар Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанға дейін жұбын жазбай бір полкте жауға қарсы соғысты. Жерлестер Бобруйск, Слуцк, Белосток, Барановичи, Млава қалаларын азат етуге, Кенигсбергте жаудың мықты қорғанын бұзуға қатысты. Туған жерге жеңіспен оралған үш майдандас офицердің достық байланыстары бейбіт өмірде де жалғасын тапты.

Кенжеқаңның 1917 жылы туған інісі  Нұғманов Мұқан да Ұлы Отан  соғысына бастан аяқ қатысып, елге жеңіспен  оралған адам.  Майданға Мұқан  Алматы зооветеринариялық институтын мал дәрігерлік мамандығы бойынша аяқтап, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүрген жерінен  1941 жылдың аяғында аттанған. Ол Украина, Молдавия, Белоруссия, Чехославакия жерлеріндегі майдан жорықтарына қатысып, Румыния, Венгрия елдерін азат ету ұрыстарында болған, соғысты әскери атақ  капитан дәрежесінде аяқтаған, «бірінші дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері, бірнеше медальдармен марапатталған.

Жастайынан алғыр, дене бітімі де шымыр қайратты болып өскен Кенжеғали Ұлы Отан соғысы аяқталғанда 33 жастағы жас жігіт еді. Соғыстан бейбіт еңбекке оралған К.Жәңгіров Жымпиты, Шыңғырлау аудандарында партия шаруашылық қызметінде болды. Туған халқының өнерін жоғары ұстаған ол көп жыл Жымпиты, Қаратөбе аудандарында мәдениет саласының жетекшілік қызметінде болып, көптеген өнер адамдарын тәрбиеледі, өзінің бойына біткен дарынын туған  халқына арнады.

78 жылдық ғұмырында Кенжеақаң қарт еш уақытта төске ұрып, мен батырмын, маған жағдай жасаңдар деп көрген емес, қан майданда асқан ерлік   көрсете білген К. Жәңгіров өте қарапайым еді. Жалғыз ұлы Мараттан, өмірлік жолдасы Мамила әжемізден қатар айырылған қарт тағдырдың басқа салғанына мойымай, еңсесін тік ұстай білді.

Сол үшін де оны ел-жұрты сыйлады, төбелеріне көтерді. Халқының жүрегінен орын тепкен адамның ғұмыры қашанда мәңгілік.

Ардагер қарт 1989 жылы шілде айында бауыры Мұқанның шаңырағынан бұл дүниеден бақиға жүріп кетті. Марқұмның тума-туысқандарына Мәскеу қаласында  орналасқан 48 армия 399 атқыштар дивизиясы ардагерлері  Кеңесінен  келген көңіл айту хатында былай деп айтылған:

«Здравствуй дорогой фронтовик Мукан! Получил твое печальное письмо о смерти нашего однополчанина Кенжегали Нугмановича. Совет ветеранов нашей дивизии выражает Вам, и всем родным, наши сердечные соболезнования по поводу безвременной кончины нашего фронтового товарища командира  роты, капитана Жангирова  Кенжегали  Нугмановича одного из самых смелых командиров  1343 СП  399 СД  48 армии. Пусть земля будет ему пухом. Память о нем останется в наших сердцах. Доброго Вам здоровья. От имени Совета ветеранов Годасс В.О. 10.08.1989 г. г.Москва.»

2012 жылдың 15 наурызында ардагердің дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Қаратөбе ауданының орталығында Кенжеғали Жәңгіров атындағы көше бар. Жерлестері оның жасаған жақсы істерінің адамгершілік келбеті туралы жас ұрпаққа үлгі етуде. «Ел үмітін ер ақтар, ер есімін ел сақтар» деген осы болса керек.

 www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале