8.12.2015, 12:34
Оқылды: 26

Ескерткіш тақта орнатылды

Janakala eskertkish takta  Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының қабырғасына Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органдарында ұзақ жыл адал қызмет еткен Дәулетқалиев Хамза Иманғалиұлына арнап ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаны ашу салтанатына арналған жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері А.Қойысов пен М.Жаданов, облыстық ішкі істер департаменті кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мусадиев Жанболат Нығметоллаұлы, облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Адаев Жайлыбай Келдібайұлы, аудан әкімінің орынбасары Шүкірғалиева Айзада Бекетқызы, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Өтемісов Равхат Әнесұлы, ішкі істер органдарында қызмет етіп, кейіннен доғарысқа шыққан зейнеткерлер және Хамза Иманғалиұлының өмірлік жары, балалары, ағайын-туыстары жиналды. Аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы салтанатты жиында сап түзеп, ескерткіш тақта жанында құрметті қарауылда тұрды.


 

Дәулетқалиев Хамза Иманғалиұлы 1925 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Тұрлығұл ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың желтоқсан айында әскер қатарына алынып, І Беларусь майданы 101-атқыштар полкінде соғысты бастаған. 1943 жылы Сталинград шайқасына қатысқан, 1945-1949 жылдары Қызыл әскер қатарында Германияда әскери борышын өтеуін жалғастырған. 1949 жылы әскер қатарынан босап, туған еліне оралады. 1949 жылдан 1957 жылдар аралығында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарады. 1957 жылдан бастап ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып қызметін жалғастырады. 1964 жылы жедел іздестіру қызметкері, 1974 жылдан 1981 жылдары аралығында арнайы комендатура бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. 1981 жылы құрметті зейнетке шыққан.

Милиция подполковнигі Дәулетқалиев Хамза Иманғалиұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік істері үшін «Отан соғысы», 2 мәрте «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдермен марапатталған. Бейбіт заманда да ішкі істер органдарында қызмет атқара жүріп І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «І дәрежелі қызметкер» медальдерімен, ҚазССР Жоғары Кеңес Президумының «Құрмет грамотасымен» және басқа да бірнеше рет алғысхаттармен марапатталған.

Ескерткіш тақтаны ашу салтанатында алғашқы болып облыстық ішкі істер департаментінен келген полиция полковнигі Ж.Мусадиев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына байланысты ішкі істер органдарының ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта Казталов, Жәнібек, Ақжайық аудандарының орталықтары мен Жалпақтал ауылында да орнатылғанын, осындай игілікті шараның жалғасы Жаңақала ауданына келгенін, департамент ұсынысын қабыл алған аудан әкімдігіне үлкен ризашылығын білдірді. Бұдан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева да жас ұрпақ бойына патриоттық, отансүйгіштік және аға ұрпақ ерлігін кейінгі жастарға үлгі етуді мақсат еткен игілікті шараның жалғасын таба беретінін атап өтті.

Ескерткіш тақтаны ашу құрметі полиция полковнигі Жанболат Мусадиев пен Хамза атамыздың ұлы Абат Дәулетқалиевке берілді. Ескерткіш тақта жанында 1 минут үнсіздік жарияланып, Хамза Иманғалиұлын еске алды. Жиналған көпшілік гүл шоқтарын қойды.

Дәулетқалиев Хамза Иманғалиұлына арналған ас беру рәсімі ортаншы ұлы Асылбектің отбасында жалғасты.

www.zhaikpress.kz

Қазбек ҚУАНЫШҰЛЫ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале