Әлқисса, осы жылғы тамыздың отыз бірінші жаңасы. Қадірбек құдамыздың үлкен ұлының үйлену тойына қатысып, келген шаруамыз біткесін, Шымкент вокзалынан №379 «Алматы – Орал» бағытындағы пойыздың купелі тоғызыншы вагонына аяқ арттық. «Жыласаң, тағы сабаймын» дегендей, бұл вагонның қасында мамыр айында мінген вагонымыз тойға барғандай ма деп қалдық. Өйткені үшбу тоғызыншы вагон ескілігіне қоса, мүлдем ырық-жырық әрі адам көргісіз кір-қожалақ екен. Сол жолы да тура мамыр айындағыдай күн салқын, түн суық болды. Түнге қарай купеміздің терезесінің қалың (брезент) жапқышын жабайық десек, ілгіші жарамсыз. Амал жоқ, пакетпен шоқпыттап байлап қойдық. Вагон дәлізінің купенің есігіне қарсы терезесінің қалың жапқышы да жұлым-жұлым. Ал күн көзін көлегейлер жұқа пердесі саусағыңның ұшы тиер-тиместен ұшып түсіп, аяғыңның астында жатады. Купедегі жарықты айырып-қосқыш пен қол шаяр жердегі сабын салғыш баттасқан кір, айна салтақ-салтақ. Мұны азсынсаңыз, тамбурдың шыға берісі қоқыстан, ал әжетхананың едені кілкілдеген судан жол бойы бір арылмады. Қалай арылсын, егер жолсеріктер тазалыққа көңіл бөліп, вагонды ең болмаса, тәулігіне бір сыпыруға құлық танытпаса!
Ел-жұрттың айтуынша, еліміздің басқа облыстарына қатынайтын пойыз вагондары түгелдей жаңартылған көрінеді. Ал Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін Батыс Қазақстан облысына қатысты вагондарға «Қазақстан темір жолы» АҚ»-ның басшылығы тарапынан неге жеткілікті көңіл бөлінбейді? Жолаушы тасымалына қатысты пойыз билеттері арзан деп ешкім де айта алмасы анық. Ендеше, қызмет сапасы неге қымбат бағаға лайық емес?! Әрі ең бастысы, батысқазақстандықтарға ескі-құсқы, ырық-жырық вагондардан құтылар күн бар ма екен?..
ӘЛЖАНҰЛЫ,
Теректі ауданы
Редакциядан: Біз осы мәселенің жай-жапсарын анықтамақ ниетпен «КТЖ — жүк тасымалы» АҚ-ның – «ГП Орал бөлімшесі» филиалы директоры Дархан Куланбаевқа және жолаушылар тасымалы бойынша аймақтық бөлімше Орал учаскесінің басшысы Думан Қарағойшинге телефон шалып көргенбіз. Олардың біреуі іссапарда, ал енді біреуі Астанадан келген комиссиямен жүрген болып шықты. Орындарынан таппадық, әйтеуір…