25.03.2016, 15:36
Оқылды: 161

Ет комбинаты іске қосылды

Janakala et kombinati   Кеңес Одағының кезінде БҚО облысына аты мәлім болған Жаңақала ет комбинаты тек мал союмен айналысқаны белгілі. Шикізатты Орал қаласына орналасқан ет комбинатына тоңазытылған күйінде жіберіп отырды. 90 жылдары шаруасы шатқаяқтаған өндіріс орны Кеңес Одағымен бірге есігіне құлып салған болатын. Араға 25 жыл салып Жаңақала ет комбинаты қайта түледі.

Бүгін ет комбинаты салтанатты түрде іске қосылып, оған аудан әкімі Л.Хайретдинов, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.


Ардагер Ғабдығали Текебаев жаңа өндіріс орнының ашылуымен жұртшылықты құттықтап, Жаңақала ауданында атқарылып жатқан бұл шаруаның Елбасының ет және сүт өнімдерін өңдеу міндетін алға қойып отырған тапсырмаларына сәйкес келетіндігін білдірді.

«Бұл ет комбинаты сонау Кеңес үкіметі кезінде салынғанымен, қаржы тапшылығы аяқтан шалып, кейбір ұйымдастырудағы олқылықтардан айтарлықтай жұмыс істемеді. Енді міне заманауи жабдықтармен жабдықталған өндіріс орнының екінші тынысы ашылып, іске кірісіп жатырсыздар. Жаңақала жері құнарлы, мал өсіруге мүмкіндік мол. Соны пайдаланып сіздерден сапалы ет дайындалатындығына сенімдімін» деді байырғы маман. Бұдан соң жиналғандар жаңа нысанның ішін аралап, жұмысымен танысты.

Мал сою цехында ауысымына 100 ірі қара, 1000 қойға дейін сойылатын болады. Заманауи технологиямен жабдықталған мал сою цехында 600 тонналық тоңазытқыш, зертхана жұмыс істейді. Мұнда мал таза сойылып, алдағы уақытта олардың ішек-қарны, өкпе-бауыры, сүйек-саяғы да кәдеге жаратылмақ. Қазірдің өзінде цеxта 17 адам жұмыс істейді. Болашақта осында шұжық цехы мен сүт өндіретін цех ашу да көзделуде. Шұжық цехы ашылса тағы да 10 адам еңбек ететін болады.

Шағын ет комбинатын ашқан “Тайыр” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Асқар Сұңғатовтың ата кәсіппен айналысқанына біраз жыл болған екен. Өзі Орданың тумасы, серіктесі пятимарлық Мирлан Кежеғалиев екеуі ақылдаса келе осы ет комбинатын іске қосуға бел буыпты. Әзірге жалға алып жұмыс істеп жатқан қос азамат істерінің алға басатынына бек сенімді.

– Бұл ет комбинаты бүгін 10 ірі қараны сойып бастады. Алдағы уақытта тек санитарлық малды ғана емес, сау малдарды да алып, жекелерден де, шаруа қожалықтарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз деп сенемін. Алдағы жоспарымызда 20 асылтұқымды ірі қара малын алып, тәулігіне 500 литр сүт өнімдерін шығаратын цех ашу ойымызда бар. Оның жобасы әзір. Сонымен қатар шұжық өнімдерін өндіретін цех та көп кешікпей өз жұмысын бастайтын болады, - дейді Асқар Сұңғатов.

Сөйтіп, жаңақалалықтарды қуанышқа бөлеген тағы бір өндіріс орны ашылды. Оның игілігін тек жаңақалалықтар ғана емес, көршілес аудандар да көретін болды.

  www.zhaikpress.kz

Надежда ЕСЕТОВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале