18.08.2015, 20:11
Оқылды: 18

«Еуропаға терезе» бөкейліктерден басталмақ

IMG_5778«Орал-Қазақстан» телеарнасында кезекті баспасөз мәслихаты  өтіп, оған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова қатысты. Лауазымды тұлғалар БАҚ өкілдері алдында сөз сөйлеп, сұрақтарына жауап қайтарды.

Алғашқы сөз алған Ғайса Қапақовтың айтуынша, қазір «100 нақты қадам»  Ұлттық жоспарын халық арасында насихаттау жұмысы шешуші кезеңіне енді. 2016 жыл осы ұлттық жоспарды жүзеге асырудың жаппай қимыл мерзімі болмақ. Қазақстанның қарыштап алға басуының кепілдігі-халықтың саяси және қоғамдық белсенділігінде. Бұл орайда жыл өткен сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының мәні мен маңызы өсуде. Бұған бір дәлел - 2015 жылдың «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» ретінде жариялануы. Ассамблеяның жиырма жылдығына байланысты «Қоғамдық келісім» ұйымы құрылды. Өңіріміздің жоғары оқу орындары мен мектептерде достық клубтары құрылып, жұмыс істеуде. Оның өкілеттілігін одан әрі кеңейтетін заң да даярлану үстінде. Сондай-ақ Ассамблея жұмысының дамуын нақтылайтын 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарлама жасақталуда. Осы саяси ұйымның мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесі де қолға алынды.  Облыс тұрғындарынан келіп түскен Ассамблеяның қызметіне қатысты  ұсыныстар мен өтініштер жинақталып, олармен жұмыс топтары айналысуда.

Айгүл Оразқызы әңгімесінің өзегін «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарын оқып-үйрену мен жүзеге асыру жұмысына арнады. Оның пайымдауынша, бұған дейін Елбасымыздың бастамасымен қабылданған барлық мемлекеттік бағдарламалар «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кеңінен қамтылған. Лауазым иесі бұл бағытқа байланысты жаңа ақпарат құралдарының пайда болатынын да айтты. Жұмыс барысында мәдениет, спорт, отбасылық саясат және басқасы да қамтылуы тиіс. Мәселен, соның бірі - «Еуропаға терезе» туристік кластері. Ол екі құрылықтың іргелес жатқан тұсы – Бөкей ордасы ауданының аумағында жүзеге асырылуы керек. Егер ол орындалса, жоғарыда аталған ауданның туристік және өзге де мүмкіндіктері кеңінен ашылады. Бір айта кетерлік жәйт, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне ҮЕҰ-лардың мүшелері де қатыстырылады. Бағдарламалардың жүзеге асуына қоғамдық бақылау қою да көзделіп отыр. Түпкілікті мақсат екеу-Қазақстанның әлемнің ең үздік 30 елінің қатарына енуі Кедендік Одақ елдерінің экономикалық-әлеуметтік шарттарына сәйкес келу. Сонымен бірге отандастарымыз тек өз елімен шектеліп қалмай, әлемнің өзге мемлекеттеріне шығып, оқып немесе еңбек етіп,  көкейіндегі  мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылуы тиіс. Әрі Қазақстанда жасалған, өндірілген тауарлар мен бұйымдар да әлемдік бәсекелестікке төтеп беретіндей болуы қажет. Осының бәрі «100 нақты қадам» ұлт жоспарынан туындайтын міндеттердің шағын бөлігі ғана. Лауазым иесі күн өткен сайын Астанада болатын «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің жақындап келе жатқанын айта келіп, соған келген шетелдік қонақтардың белгілі бір бөлігін Жайық өңірінде лайықты қабылдаудың да маңызына тоқталды. Бөкей ордасы ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ата Заңның 20 жылдығын мерекелеу туралы да айтты. Жаңадан ашылатын «Қазақстан энциклопедиясы» ғаламтор порталы хақында әңгімелеп, келешекте әр облыс орталығында ұлттық-мәдени ауылдардың өмірге келетінін де хабарлады.

www.zhaikpress.kz

Серік  ИХСАНҒАЛИ

«Орал өңірі»    

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале