2.06.2015, 17:58
Оқылды: 24

Еуро-5 стандарты бензинімен бірінші кезекте Қазақстанның батыс өңірін қамтамасыз етеміз - «Конденсат» АҚ бас директоры

Euro5   Еуро-5 стандартына сәйкес бензинмен бірінші кезекте еліміздің батыс өңірін қамтамасыз етеміз. Бұл туралы бүгін Астанада «Конденсат» АҚ бас директоры Фарид Бахтиозин мәлім етті.

«Бензинге, дизель отынына техрегламенттердің енгізілуіне орай, 2012 жылы біздің өндірісті жаңғырту мен кеңейту туралы шешім шығарылды. Бұл тұрғыда енді кешен соңғы буынды техникамен жабдықталуда. Бүгінде негізгі технологиялық жабдықтар дайындалып, құрылыс алаңында орнатылуда. Құрал-жабдықтарды АҚШ компаниясы дайындап берді. Биылдың аяғына қарай барлық жұмыстарды аяқтап, зауытты іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді Ф.Бахтиозин.

Оның сөзіне қарағанда, өндірілген жанар-жағармай Батыс Қазақстан облысын қамтамасыз етуге бағытталады.

«Болашақта біз Ресейге қарай нарықты кеңейтуді көздеп отырмыз. Себебі, біздің өндірістен көрші елдің нарығына шығу небәрі 200 шақырым ғана арақашықтықта орналасқан. Атап айтқанда, бірінші кезекте еліміздің батыс өңірін қаматамасыз етеміз, ал кейінгі жоспарда ресейдің жақын орналасқан өңірлерін қарастырудамыз», - деді Конденсат» АҚ бас директоры.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысында Еуро-5 стандартына сәйкес Аи-92 және Аи-95 маркалы бензинін шығаратын өндірісті іске қосу бойынша «Қазақстан Даму банкі» АҚ мен «Конденсат» АҚ арасында несиелік келісімге қол қойылды. Жобаның жалпы құны 200 млн. АҚШ долларына бағаланып отыр және оның 60 пайызын ҚДБ  қаржыландырады.  Атап айтқанда, онда Аи-92 бензині  жылына 114 мың тонна, ал Аи-95 бензині  86 мың тонна көлемінде шығарылады.

 www.zhaikpress.kz

Руслан Ғаббасов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале