5.10.2016, 17:16
Оқылды: 22

«Ешкім далада қалмайды»

%d0%b6%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%ba%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0 Ақсай техникалық колледжі жатақханасының ғимаратына биылғы тамыз айында «Құрылысконсалтинг» АҚ БҚО бөлімшесі техникалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде ғимарат апатты жағдайдың V санатына жататыны анықталған.


Осыған орай жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар қолға алына бастаған. Яғни жатақхана тұрғындарын көшіру жөнінде түсіндіру жұмыстарын бастады. Соның нәтижесінде 16 отбасы өз бөлмелерін босатты. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтіп, онда жаңа жатақхана салу үшін жер телімі мен ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін аудандық бюджеттен 18 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Аудан әкімінің өкімімен жатақхана тұрғындарын көшіру комиссиясы құрылды. 3 қазанда ондағы 9 отбасы (29 адам) БСЖМ мен аудандық демалыс орталығы жатақханаларына көшуді бастады. Ал қалған тұрғындар үшін уақытша мекендеуге бос тұрғын жайлар іздестірілуде. 6 қазан күні Ақсай техникалық колледжінде осы тұрғындармен кездесу ұйымдастырылмақшы.

Айта кетейік, 1981 жылы салынып, екі жылдан соң пайдалануға берілген бес қабатты аталмыш жатақханада бүгінге дейін 76 отбасы тұрып келді. Тұрғындардың жалпы саны 200 болса, олардың 67-сі тіркеуде тұр. Мемлекеттік санитарлық және өртке қарсы қызмет органдарының талаптары бойынша облыстық ауданаралық экономикалық сотының 18.07.2003 жылғы және 03.02.2005 жылғы шешімдерімен бұл жатақхананың қызметі тоқтатылған болатын. Мерзімінің өтуіне байланысты бұл шешімдер күшін жойды. Өткен жылдан бері жатақханада колледж студенттері тұрмайды.

Жатақханадан қоныс аударатындарына риза болмаған оншақты тұрғын сейсенбі күні Оралға келіп, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановпен кездесті. Жатақхана тұрғыны Клара Түркенбаеваның айтуынша, олар 1998 жылдан бері осы ғимаратта тұрып келеді. Оны ертең жаңа қоныстанған жерге төлейтін төлем жағы мазалайды екен. Ал кезінде қызымен бірге жатақханаға тиісті жөндеу жүргізіп кірген зейнеткер Баян Жүнісова жергілікті атқарушы биліктің уақытша қоныстану үшін ұсынып отырған вахталық қалашыққа көңілі толмайды. Жатақханада он бес жылдан бері тұрып келе жатқан Нұрсұлтан Қажығалиев жатақхана ғимаратын жекешелендіруге жағдай жасауды сұрады.

-Сіздер жандарыңызға батқан мәселемен келіп отырғандарыңызды түсінемін. Өздеріңіз айтқан жайттың бәрі заң жүзінде шешілетін мәлімдеймін. Ақсай техникалық колледжінің жатақханасын мен жақсы білемін. Кезінде облыстық білім басқармасының басшысы болған кезде онда бірнеше рет болдым. 2010 жылы барғанымда жатақхананың жертөлесіне түстім. Ол жерге су жиналғанын көрдім. Соның себебінен болса керек жатахана ғимаратының бір жағы кішкене шөккені байқалды. 1-қабат пен 2-қабаттың арасындағы қабырғалардың тастары сол кезде үгітіліп жатқан еді. Қазір тіптен нашарлаған шығар. Мұның бәрі өте қауіпті. Сол кезде жатақхананың есігіне ілінген хабарландырудан ғимаратының апатты жағдайды тұрғандығы, сақтық шараларын сақтау керектігі туралы өзім оқыдым. Яғни бұл әңгіме бүгін туындап отырған жоқ. Бұған ақша бөлу жағын да қарастырғанбыз, алайда ғимарат апатты жағдайда болғаннан кейін ол мүмкін болмады. «Құрылысконсалтинг» компаниясының техникалық тексеру қорытындысы бойынша ғимарат апатты жағдайдың V санатында тұр. Яғни жағдай мәз емес. Сол себепті жергілікті атқарушы билік тарапынан жатақханадағы ахуалыңыздан төмен емес деңгейде жағдай жасалатын болады. Яғни басқа жатақханаға ма, тұрғын жайға ма уақытша қоныс аударасыздар. Ешкім далада қалмайды, уайымдамаңыздар. Комиссия құрылып, бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Жалпы бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында тұр.

Егер сіздердің коммуналдық төлемге қаржыларының жетпесе, қажет құжаттарды жинап, тиісті мекемелерге барып материалдық көмек алуларыңызға болады. Жалпы аудандық бюджетте тұрғынжайларды жалдау ақысы қарастырылған.

Жаңа жекешелендіру жөнінде сұрап жатсыңыздар, бұл ғимарат облыстық білім басқармасының теңгерімінде тұр. Ол Үкіметтің 24.10.2000 жылғы №1587 қаулысына сәйкес жекешелендіруге жатпайды. Себебі ол студенттерге арнап салынған жатақхана. Ал егер техникалық жағдайы жақсы, иесі жоқ отбасылық үлгідегі жатақхана болса, онда жекешелендіруге мүмкіндік турар еді.

Қазіргі таңда Бөрлі ауданының басшылығы сіздерге қандай ғимараттарды беру керектігін қарастырып жатыр. Бейсенбі күні кешкілік уақытта, яғни көпшілік жұмыстан келген соң өтетін кездесуде бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын. Онда тұрғынжайға қатысты әрбір отбасының жағдайлары жеке қаралатын болады,-деді Марат Лұқпанұлы.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале