22.04.2016, 19:31
Оқылды: 65

Еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастырсақ

Enbekti korgau     Еңбек заңнамасына сай жұмыс істейтін  төрт кәсіпорынға сенім сертификаты табыс етілді.

     Әлем жұртшылығы жыл сайын 28 сәуір күні Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Осыған орай, облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасы мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, кәсіподақ және кәсіпкерлер палатасының, сақтандыру компанияларының, оқыту орталықтарының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі бойынша семинар-мәжіліс өткізді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов қатысты.


    Жиынды ашқан облыс басшысының орынбасары Марат Тоғжанов Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне орайластырылған шараның басты мақсаты жұмыс берушілердің назарын өндірісте болатын қайғылы оқиғаларды азайтуға,  өндірісте жарақат алудың  алын алу жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігіне аудару екендігін атап көрсетті. «Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 сәуірге дейін облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 17 жазатайым оқиға (өткен жылы 15 оқиға,авт.) болды. Оның ішінде 2 оқиға өліммен аяқталды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы орын алған оқиғаларға жүргізген талдау жұмыстары негізінен жұмыс берушілердің және жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігіне салғырттықпен қарауының кесірінен орын алғандығы анықталған.  Еңбек инспекциясы жазатайым оқиғаларды тексеріп, материалдарын  облыстық ішкі істер департаментіне жолдады», - деді Марат Лұқпанұлы.

    Жиында баяндама жасаған облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаевтың мәліметіне сүйенсек, биылғы 1-тоқсанда облыста жазатайым оқиғалардан 22 (2015 жылы 1-тоқсанда 20) қызметкер зардап шегіп, оның екеуі (өткен жылы 1-тоқсанда үшеуі) өліммен аяқталған. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша заң бұзушылықтарға жол берген 5 тұлға (2015 жылы 14 тұлға) әкімшілік жауапқа тартылған және оларға 1,2 млн. теңге (2015 жылы- 8,8 млн. теңге) көлемінде айыппұл салынған. Облыс бойынша өндірістік жарақаттанудың 3 жылдық орташа  көрсеткіші 59 оқиға (зардап шеккендер саны-66 адам), оның ішінде ең көп жазатайым оқиғалар Орал қаласында және Бөрлі ауданында (тиісінше 45 және 8) орын алған. Сонымен қатар осы аумақтардағы келеңсіз оқиғалар облыста орын алған  жазатайым оқиғалардың 90 пайызын құрады. Өндіріспен байланысты  жазатайым оқиғалардың саны соңғы жылдары 3 жылдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген.

     Өндірістік жарақаттануды сала бойынша ең көбі құрылыс саласында (3 жылдың орташа көрсеткіші 16 адам немесе 24%), бюджеттік мекемелерде (3 жылдың орташа көрсеткіші-13 адам немесе 20%) және шағын бизнес субъектілерінде (3 жылдың орташа көрсеткіші 9 адам немесе 14%) орын алып отыр. 2015 жылы және биылғы жылдың 1-тоқсанында «Облыстық клиникалық ауруханасы» МКҚК ұсынған мәліметіне сәйкес еңбек инспекциясына хабарланбаған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың 15 фактісі анықталды («Баянауыл», «ҚашағанҚұрылысБірлестігі» ЖШС, «Зеленов ауданының демалыс орталығы» МКҚК,«Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің әскери техникалық мектебі» РМҚК Орал филиалы және т.б). Заң бұзушылықтарға жол берген тұлғалалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

     -Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәдениетінің жаңа жолдарын енгізу арқылы қол жеткізуге, яғни жұмыс берушілер өз жауапкершіліктерін сезініп және қызметкерлер жұмыс орындарындағы қауіп-қатерді басқаруға толықтай тартылуы қажеттігін алға мақсат етіп қойып отыр. Осыған орай, жұмыс берушінің қызметін декларациялауда басқармамен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, мемлекет басшысы белгілеген бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» (83 қадам еңбек қатынастарын ырықтандыру) Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде Жаңа Еңбек кодексі әзірленді. Қазiргi таңда жұмыс берушінің қызметін декларациялау нормасы осы Еңбек кодексінде бекітілген, - деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаев.

     Басқосуда «Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Салықов, облыстық тұтынушылардың құққтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы Гүлзада Санкаева және өзгелері еңбекті қорғауды жақсарту бойынша сөз сөйледі. Семинар-кеңесте жұмыс берушінің қызметін декларациялау жөніндегі комиссия ұсынымы бойынша облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының шешіміне сәйкес облыстағы 4 кәсіпорын еліміздің еңбек заңнамасының талаптарына сай деп танылғандығы мәлім болды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов осы мақтаулы кәсіпорындар «Ақсайавтотранс»_АҚ, «Ақсайгазсервис» АҚ, «Орал трансформатор заводы» ЖШС және «СТОФАРМ» ЖШС-ларға берілген үш жыл мерзімге сенім сертификатын аталмыш компания өкілдеріне табыс етті. Енді оларға іріктеп тексеру жүргізілмейді, яғни осы кәсіпорынға мем­лекеттік еңбек инспекторлары тексерістермен бас сұқпайды.

     Басқосуды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов өндірісте жарақаттанудың немесе адам өлімінің болуы кездейсоқтық емес, керісінше жұмыс берушілердің кейде зардап шегушілердің жауапсыздығынан болатынын, ұлт денсаулығының сақталуы мемлекетіміздің ең маңызды мәселесі және басты мақсаты болып табылатынын еске салды. Сонымен қатар қызметкердің денсаулығын жоғалтуы және еңбекке жарамсыздығы медициналық, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық мәселелер болып табылатындықтан, еңбек инспекциясына және кәсіпорын-ұйым басшыларына өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы тиісті шараларды жүргізуді тапсырды.

  www.zhaikpress.kz

 Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале