23.05.2016, 9:40
Оқылды: 21

Еңбек дауына қатысты мәселелер талқыланды

Enbek daui   Облыстық сот қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Еңбек дауына қатысты азаматтық істерді қарау барысында кездесетін проблемалық мәселелер» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.


   Бұған облыстық, қалалық және аудандық соттың судьялары мен облыстық еңбек инспекциясының қызметкерлері, кәсіподақ  ұйымы және ҮЕҰ өкілдері қатысты. Жиынды ашқан әкімшілік және азаматтық істер бойынша аппелляциялық сот коллегиясының төрағасы Б.Бегалиев биыл жаңа Еңбек Кодексінің қабылданғанын айтып, судьяларға сөз кезегін берді. Басқосуда сөйлеген облыстық соттың судьясы Е.Боранбаев жаңа Еңбек Кодексін бұрынғы еңбек заңымен салыстырып, ағымдағы жылдың І тоқсанын қорытындылағанда еңбек дауына қатысты істерді қарау барысында айта қаларлықтай қиыншылықтардың кездеспегенін айтты. Өйткені, алғашқы тоқсанда істердің басым көпшілігі бұрынғы Еңбек Кодексі тәртібімен қаралған.

   Бұдан кейін сөйлеген №2 қалалық соттың судьясы А.Айтуарова өткен жылғы және ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында қаралған еңбек дауына қатысты істерге сараптама жасады. Оның мәлімдеуінше, №2 қалалық сотқа еңбек дауы бойынша 2015 жылы 199 іс қаралды. Оның 63-і жұмыс орнын қалпына келтіру жөнінде болса, 48-і еңбекақысын өндіру туралы және 88-і еңбек дауына жататын басқа да мәселелер бойынша. Ал биыл бірінші тоқсанда еңбек дауына қатысты барлығы 82 іс түсті. Соның 20-ы жұмыс орнын қалпына келтіру жөнінде, 18-і еңбекақысын өндіру туралы және 44-і еңбек дауына қатысты тағы басқа да мәселелер бойынша.

   -Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, өткен жылы аппеляциялық тәртіпте бірінші инстанциялық соттың 4 шешімі қайтарылып, 4-і өзгертілді.  Қадағалау тәртібінде 2 шешім қайтарылып алынды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында медиациялық тәртіп бойынша реттеліп, екі жақтың келісімге келуіне байланысты аппеляциялық инстанцияда бір шешім қайтарылып алынды және бір шешім өзгертілді. Бұл санаттағы сот актілерінің қайтарылып алынуы мен өзгеруі, негізінен  жағдайдың жан-жақты талданып, анықталмауынан болып отыр, -деді №2 қалалық соттың судьясы өз сөзінде.

   №2 қалалық соттың тағы бір судьясы Б.Жорабаев жаңа Еңбек Кодексі бойынша еңбек келісімшартын тоқтатудың негіздеріне тоқталды. Оның сөзінше, жеке еңбек келісімшарты жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастарына өзгеріс енгізетін немесе оны біржолата тоқтататын негізгі құжат болып табылады. Еңбек келісімшартында жұмысшының жұмыс берушіге зиян келтіретіндей әрекет жасамауы керектігі айтылған. Ол, сондай-ақ, ҚР жаңа Еңбек Кодексіндегі еңбек жағдайын өзгерту тәртібінің жеңілдетілгенін айтты. Оның сөзінше, жаңа Еңбек Кодексі бойынша еңбек жағдайының өзгертілгені туралы жұмысшыларды ескерту мерзімі бір айдан 15 күнге дейін қысқарды.  Енді жұмыс беруші жаңа еңбек жағдайына келіспеген жұмысшыға басқа жұмысқа ауысуға мүмкіндік бере алмайды.

 Жиын барысында еңбек дауына қатысты басқа да проблемалық мәселелер талқыланып, мұны шешудің жолы қарастырылды.

www.zhaikpress.kz

 Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале