28.06.2015, 0:41
Оқылды: 29

Еңбек дауы оңтайлы шешілді

 KSS Өткен жылдың қараша айында «КазСтройСервис» ЖШС жұмысшылары жалақыларының аздығына байланысты жұмыстан бас тартып, шу шығарған болатын.

Сол жолы аталмыш оқиғаға орай, жергілікті басшылық мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен «КазСтройСервис» ЖШС филиалы директоры Р. Алдамұратов және бас директордың орынбасары Бикромжий Цинк Иждимен кездесті. Осы кездесуде компания басшылығы жағдайды оңтайлы шешуге уәде берген болатын. Содан тура алты ай уақыт өткенде, дәлірек айтқанда, мамыр айының 11-12 күндері аталмыш серіктестік жұмысшылары тағы да жұмысқа шықпай қалды.

 Облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы  Жанат Асантаевтың айтуынша,  бұған себеп болған нәрсе - тағы сол жалақы мөлшерінің аздығы мен еңбекақының дұрыс есептелмеуі. Сондай-ақ, компания жұмысшылары қоршаған ортаның денсаулыққа ықпалы жөніндегі мәселелерді де көтере келіп, жұмысшылардың вахтада болу мерзімін 30/30-дан 15/15-ке азайтуды сұрапты.

      Жиынды жүргізген облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы  Жанат Асантаев  «КазСтройСервис» АҚ филиалы жұмысшыларынан өздеріне келіп түскен осы мазмұндас шағымхат бойынша аталмыш мекеменің жақында ғана тексерілгенін мәлімдеді. Тексеру жұмысы жөнінде баяндаған облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім бастығы Ержан Зұлқашев  бұл жолы жұмыс берушілер тарапынан ешқандай заң бұзушылықтың орын алмағанын жеткізді. Оның мәлімдемесін тыңдағаннан кейін осы жиынға қатысып отырған Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Аслан Досжанов жалақыны дәл есептеп шығару үшін смена ауысатын мезгілді реттеу керек десе, облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы Самат Оспанов ұжымда еңбек дауы орын алмауы үшін ең алдымен келісім құрылымы шешілуі тиіс деген пікір айтты. Жұмысшылардың есеп-қисап жұмысын дұрыс түсінбейтінін алға тартқан облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Айгүл Әбілхайырова мұндай түсінбеушілікке жол бермеу үшін мекеменің кадр бастығы мен есеп қызметкерлері айына бір рет жұмысшылар арасында болып, олардың қаражаттарының қалай есептелгенін түсіндіруі тиіс десе, жұмысшы топ өкілдері компания басшылығынан «Жұмыс күні тәртібін өзара келісе отырып, бекітуге болмай ма?» деп сұрады. Сондай-ақ, компания басшылығы көбірек ақша тапқысы келген жұмысшыларға күніне 11 сағаттан артық жұмыс істетудің заңға қайшы болатынын түсіндірді.

    Жиынды қорытындылаған Жанат Асылханұлы кәсіпорындар мен жұмысшылар арасындағы келісім-шарттың маңызын тағы бір рет қаперге салып, екінші рет мұндай жағдайдың қайталанбауын тапсырды.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале