4.06.2016, 16:34
Оқылды: 25

Ең жоғары балл – қаратөбелік түлекте

Screenshot_2016-06-04-16-25-34-1Қаратөбе ауданы бойынша биылғы оқу жылын 181 түлек бітірсе, оның 134-і ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіріп, білімдерін сарапқа салды. ҰБТ қорытындысы негізінде аудан бойынша ең жоғары балл – 125. Ең жоғары балға ие болған түлектің есімі – Ақнұр Беркінова. Ол Қаратөбе мектеп-гимназиясының шәкірті, «Алтын белгі» иегері.


 

Screenshot_2016-06-04-16-26-45-1Аудан абыройын асқтатып, ұлттық тестілеуде үздік нәтижеге қол жеткізген Ақнұр Беркінова ата-анасы және ұстаздарымен аудан әкімі Асхат Шахаровтың қабылдауында болды.
Үздіксіз ізденуінің арқасында ең жоғары балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанған Ақнұрға жеткен жетістігін жауапкершілікпен алып жүруді, ел сенімін ақтауды, болашақта білімін жан-жақты дамытуды, алдына үлкен мақсаттар қоя білуді тілеген аудан басшысы Асхат Берлешұлы естелік сыйлық табыс етті.
Мектебі мен ауданның мақтанышы бола білген Ақнұрдың ата-анасы Нұрбол Бозов, сынып жетекшісі Ажаргүл Қыдырниязова арнайы қабылдап құттықтағаны үшін аудан әкімі Асхат Шахаровқа алғыстарын жеткізді.
– 3 маусымда ауданымыз бойынша мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Биылғы жылы «Алтын белгіге» 8 үміткер болса, оның 2-еуі ғана «Алтын белгіні» қорғап шықты. Олар Ақнұр Беркінова мен Асият Хасинова. Қос білімпаз – Қаратөбе мектеп-гимназиясының түлектері. Өкінішке орай, «Ерекше аттестатқа» үміткер 5 түлектің ешбірі үмітті ақтай алмады.
Биылғы жылы 22 түлек 100-ден жоғары балл жинап отыр. Оның ішінде 11 түлек Қаратөбе мектеп-гимназиясының шәкірттері екендігі даусыз.
ҰБТ қорытындысы бойынша, Қаратөбе мектеп-гимназиясы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Егіндікөл ОЖББ мектебі мен Қалдығайты ОЖББМ-балабақшасы шығып отыр.
Басты айта кетерлігі, аудан бойынша орташа балл – 79,94. Бұл аудан үшін ең жоғары көрсеткіш, - дейді Қаратөбе аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Есенгүл Рабаева.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ
Серікбай ХАСАНОВ
Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале