22.09.2016, 9:57
Оқылды: 13

Жазатайым жағдайды күту керек пе?..

%d0%b6%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bc-%d0%b6%d0%b0%d2%93%d0%b4%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d1%8b-%d0%ba%d2%af%d1%82%d1%83-%d0%ba%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba-%d0%bf%d0%b5   Бұл мәселені біз осыдан төрт ай бұрын көтергенбіз. Нақтырақ айтар болсақ, «Орал өңірі» газетінің биылғы 26 мамыр күні жарық көрген санында («Оө», №61, 26. 05. 2016ж.)

«Қайғылы оқиғаның алдын алайық» атты мақала жарық көрді.


  Үшбу материалда Зашаған кенті аумағында салынып жатқан көктемде еріген қарайған қар суы мен жазғы-күзгі нөпір жауынның суын Анискин көліне құяр арнайы арна жөнінде сөз болған. Сөз жоқ, керек жоба. Әйтпесе, аталмыш кенттің аумағында еріген қар суы мен нөсер жауынның суы жаяуға да, көліктіге де көп кедергі келтіретіндігін өз көзімізбен талай көргенбіз. Бірақ бұл жобаның үлкен кемшілігі бар. Ол – арнаның күре жол жақ бетіне жағалай қорғаныш-кедергілердің қойылмауы.

Негізі Зашаған кентіне қарасты «Көктем», «Кең дала», «Арман» шағынаудандары аумағынан ағын суларды бұрып әкету бойынша құрылыс жұмыстары 2014 жылы басталды. Осы жобаға сәйкес былтыр жыл соңына таман медколледж маңындағы «Октан» жанармай бекеті айналасынан жер асты су өткізер құбырын тарту үшін Орал – Атырау тас жолының екі жағынан тереңдігі 2 – 2,5 метрлік ор қазылды. Алайда әрлі-берлі жаяу да, аутокөлік те, тіпті велосипедші мен мототицклші де ағылып жатқан жол бойындағы әлгі ордың айналасына дені дұрыс қауіпсіздік тосқауылдары орнатылмаған. Тек бар болғаны аутокөлік түгілі, велосипед қақса болды, ұшып кететін бірнеше жіңішке темір шыбық шаншылған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, жауыннан кейінгі лайсаң, көктем мен күзгі һәм қысқы көктайғақ кезінде жолдың жаңағы бөлігі өте қауіпті. Мамыр айындағы материалдың жазылуына сол маңдағы тұрғындардың дабылы түрткі болған-ды. Біз осы жайтты алға тартып, кезінде Орал қалалық құрылыс бөліміне хат та жолдағанбыз. Өйткені бұл мекеме аталмыш жобаға тапсырыс беруші болып табылады. Ал Орал қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары А. Пішенбаевтың атынан келген жауап хатта «Бұл нысанда жоба бойынша қоршау-кедергі және арнайы жол белгілерін қою қарастырылмаған. Алайда қауіпті жағдайларды болдырмас үшін жолдың екі жағынан сигналды бағана орнатылды. Егер тұрғындар тарапынан өтініштер болса, нысанның құрылысы толық аяқталғаннан кейін БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының ұйғарымымен Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі арнайы жол белгілерін қоя алады» деп жазылған. Пішенбаевтың «сигналды дабылдар орнатылды» деп отырғаны, шамасы, біз жоғарыда сөз еткен жарық шағылыстыратын жіңішке темір шыбықтар болса керек. Оның тайғанаған көлік атаулыны жол-көлік оқиғасынан құтқарар еш қауқары жоқ. Осыған әбден көзіміз жеткесін, біз жоба мердігері «Уральскводстрой» АҚ-ның президенті Геннадий Мутасовқа хабарлағанымызда, ол жол қозғалысына қатысушыларға түгелдей қауіп төндіріп тұрған аймаққа арнайы барып, жағдаймен танысқаннан кейін көлік жүргізушілеріне күндіз де, түнде де анық көрінетіндей етіп, темірден мықты қоршау-кедергі орнататындарын тілге тиек еткен-ді. Ал арада төрт ай өтсе де, «Баяғы жартас – сол жартас». Яғни Геннадий Мутасов айтқан қоршау-кедергі әлі орнатылмаған… Шамасы, оқыс оқиға орын алмай, жауапты адамдар қозғала қоймайтын сияқты. Міне, біз сол себепті «Жазатайым жағдайды күту керек пе?» деп байбалам салуға мәжбүрміз. Қайталап айтамыз, біздіңше, жаңағы су жолдарының күре жол жақ бетіне жаппай қорғаныш-кедергі керек. Мен бұл мәселені облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанынан құрылған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желісін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту жөніндегі комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Фарид Бахтиозиннің назарына ұсындым. Фарид Нәйілұлы үшбу ұсыныстың орынды талап екендігін айта келе, бұл мәселені құзырлы мекемелерге жеткізетіндігін алға тартты…

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале