24.05.2016, 20:01
Оқылды: 20

Жазда жаза баспайық...

 Shingirlau jazda jalin baspayik   Бүгін Шыңғырлау ауданында Төтенше жағдайлардың алдын алу  және жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы болып өтті.

   Алдағы жазғы кезеңге өрт қауіптілігінің алдын алу және судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша  арнайы күштер мен құралдардың қауіпті кезеңге дайындықтары, құрамдардың кәсіби тұрғыдан даярлығы мен елді- мекендерде осы бағыттағы жүргізіліп отырған жұмыстарды күн тәртібіне қойған отырысқа ауданның 15 мекеме басшысы және 8 ауылдық округ әкімдері қатысты.


    Әр мекемелер мен ауылдық елді-мекендерде, ауылдық округ қарамағындағы, жеке секторлардағы, шаруашылық құрылымдарындағы өрт сөндіру құралдарының жағдайы, саны мен жарамдылығы,  бұл бағыттағы қиындық тудырып отырған мәселелер мен жетіспей жатырған құрал-жабдықтар хақында ортақ кеңескен қатысушыларға дала өртінен сақтану, жергілікті ерікті өрт сөндіру құрылымдарының жұмысын ұйымдастыру туралы ескертілді.

   Отырысты жүргізген аудан әкімінің орынбасары Альберт Есалиев төтенше жағдай бөлімдеріне жергілікті әкімшілік аппараты, жергілікті полиция, ауылшаруашылығы бөлімдерімен бірлесе отырып, ауылдар мен аулаларға өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталуы бағытында рейдтер жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, өрт оқиғасын шұғыл хабарландыру, төтенше жағдай кезіндегі мекемелердің әрекеттері кезең-кезеңімен көрсетілген нақты нұсқаулығын жасақтауды міндеттеді.  Аудандық электр қуатын тарату бөліміне де электр желілерінің жарақтылығы, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексерудің қажет екендігін ескертті.

   Отырыста жазғы демалыс кезеңіндегі суға шомылудағы қауіпсіздік шаралары туралы аудандық білім бөлімінің бастығы А.Сапаров баяндама жасап өтіп, бүгінгі таңда бұл тақырып ең өзекті мәселелер қатарында мектептерде оқушылармен, ата-аналармен мейлінше талқыланып, ескертіліп жатқандығын жеткізді. Аудандық ТЖ бөлімі мектептерде судағы қауіпсіздік жөнінде семинар сабақтар өткізіп, жадынамалар таратқан, бейнефильмдер көрсетіліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Халық шомылатын тұстарға арнайы ескертпе тақтайшалар ілініп, ата-аналармен профилактикалық жұмысты күшейтуді назарға алуды тапсырған отырыс соңында өрт сөндіру құралдарының саны мен жарақтылығы тағы тексеріліп, 26 мамырға  осы бағытта командалық-штабтық оқу-жаттығу шараларын өткізу жөнінде тапсырмалар берілді.

www.zhaikpress.kz

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале