24.08.2016, 18:20
Оқылды: 42

Жазғы демалысты ұйымдастыруда облысымыз озып тұр

 balalar   Облыстық мәслихаттың үлкен мәжіліс залында облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.

   Кеңес отырысының күн тәртібінде облыстағы балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру және ҚР-ның «Жайылымдар туралы» және «Жайылымдарды пайдалану жөнінде ҚР-ның бірқатар заңдық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды.


   Алдымен сөз алған облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Надежда Лебедова мектеп жасындағы оқушылардың жазғы демалыспен қамтылуы және лагерлердің жәй-күйіне тоқталып өтті.

   - Биыл облыс бойынша жазғы кезеңде 19 демалыс лагері, 352 мектеп жанындағы және 222 тамақтануы ұйымдастырлмаған лагерь, 22 шатырлы лагерь жұмыс жасап, оған 78 354 оқушы немесе оқушының жалпы санының 91,4 пайызы қамтылды. Жазғы каникул кезінде әлеуметтік әлсіз топтағы отбасылардан  19 мыңнан астам оқушының демалысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар 120 оқушы республикалық және аталған санаттағы оқуда, шығармашылықта жетістіктерге жеткен 40 оқушы Адриатикалық теңіз жағасындағы Италияның «Чензенатико» лагерінде демалып қайтты. Жазғы демалысты ұйымдастыру үшін ағымдағы жылы 267,3 млн.теңге жоспарланса, оның 146,6 млн.теңгесі бюджеттік болса, 120,7 млн.теңге бюджеттен тыс қаражат көздері болып табылады, - деп атап өтті. Бұдан бөлек, бөлім басшысының айтуынша өткен жылғы құзырлы органдардың ұсынбаларын орындауда да білім бөлімдері бірқатар жұмыстар жүргізген. Айталық, Шыңғырлау ауданының «Арай» сауықтыру лагері орталықтандырылған су құбырына қосылса, Қаратөбе ауданының «Балдәурен» лагері өртке қарсы дабылқаққыштармен жабдықталған. Зеленов ауданының лагерлері каркасты бассейндермен қамтылған. Қазталов ауданының лагерлері жерасты су қоймаларымен, ішкі су құбырлары және су жылытатын құрылғылармен қамтамасыз етілген.

   Бұдан кейін кеңес мүшелері жазғы демалыс лагерлеріндегі бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың ішінде көптеген лагерлерде бассейндердің, моншалардың болмауы, суға шомылу орындарында арнайы  белгінің жоқтығы, кейбір лагерлерде арнайы спорт алаңдарының дұрыс жабдықталмауы туралы ойлар айтылды. Сонымен қатар лагерлердегі жуыну бөлмелері 7-8 адамға арналып, әжетханамен жапсарлас орналасуы санитарлық-гигиеналық талапқа сай келмейтіндігі, лагердегі жазғы ас үйлерінде желдеткіштердің орнатылмауы балаларға ыңғайсыздық тудыратыны да қаперге алынды.

   - Айтылып жатқан мәселелердің бәрі орынды. Қоғамдық кеңесте бәрі де талқыланып, ашық айтылуға тиісті. Бірақ айтылған сындар нақты фактілерге сүйеніп, дәлелмен айтылуы тиіс. Біздің облыстағы демалыс ұйымдарында балалар үшін барлық жағдайлар жасақталған. Мен облыстық лагерлерге білім беру ұйымдарының басшылығымен өзім барып, жағдайды көзбен көріп қайттым. Өкінішке орай, қазіргі күні  бассейнге суға түсуге тыйым салынған, өйткені оның суын үнемі ауыстырып тұруды қажет етеді. Бұл жағдайда тек балардың рахатын ғана емес, қауіпсіздігін де басты орында екенін ескеру қажетпіз. Егер суға шомылу қажет болса арнайы бөлінген автобуспен рұқсат етілген шомылу жағажайларына бару мүмкіндіктері қарастырылған. Ал өзге сауықтыруға арналған жағдайлар толық жасалған. Бүгінгі айтылған өзге де сыннан қорытынды шығарамыз. Еліміздің өзге облыстармен салыстырғанда біздің облыс жазғы лагерді ұйымдастырудан бірінші орында тұрғанын айтқым келеді, - деп жоғарыдағы аталған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Марат Лұқпанұлы өз ойын ортаға салды.

   Бұдан кейін күн тәртібіндегі жайылым жерлерді пайдалану, бірақатар заңдық жобаларға өзгерістер енгізу туралы мәселелер талқыланды. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жұматай Ашықпаев баяндама жасап, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

    Жиын соңында кеңес отырысының ұсынымдары бірауыздан қабылданды.

Ләззат ШАҒАТАЙ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале