30.07.2015, 19:31
Оқылды: 22

Жайық – достық дәнекері

11175023_1626373464277404_4853140773017151581_n ХІХ тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық «Жайық - достық өзені» экспедициясы тәмамдалды. Жорық мүшелеріне дәстүрге сай дәм ұсынылды. Жағаны көркем әуен көмкеріп, жастардың жігерлі флешмобы жарқын көңіл күй  сыйлады.

– Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық тереңдеп келеді. Алдағы уақытта екі елдің көшбасшыларының жоспарлы кездесуінде Жайық экожүйесінің хал-ахуалы тереңірек қарастырылатын болады. Оған дейін мемлекеттік орган өкілдері, тұрғындар қамқорлық қолын созып отырады. Мәселен, биыл өзен жағасын 50 тонна күл-қоқыстан арылттық. Қоршаған ортаны аялауға қос тараптың мүдделілік танытуы – ұрпақ қамын ойлаудың, жан мен тән тазалығын сақтаудың  кепілі. Екі мемлекеттің шекаралас өңірлері арасындағы тығыз қарым-қатынас жылма-жыл нығаюда, - деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев экспедиция қатысушылары мен Орынбор облысының делегациясына ризашылығын білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов 1992 жылғы «Мәңгілік достық» келісімшарты аясында Қазақстан және Ресей халқы Ассамблеяларының арасындағы ынтымақтастық меморандумының алғышарты ретінде хаттамаға қол қойылғанын қуанышпен жария етті. Біздің еліміздегі татулық тұғырын нығайту жолында жасалған игі істерді үлгі тұтатындарын айтқан Ресей халқы Ассамблеясының төрайымы Светлана Смирнова аталған құжат 4 қараша – РФ Халықтар бірлігі күні Мәскеу қаласында екіжақты келісіммен толық күшіне енетініне сенім білдірді. Орынбор облысы заң шығару жиынының төрағасы Сергей Грачев, Орынбор облысының вице-губернаторы Павел Самсонов Жайық өзені тарихи-мәдени байланыстарға күретамыр болып отырғанын атап өтіп, делегация атынан «Достық» үйіне естелік-сыйды облыс басшысына тарту етті.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орынборлық делегация мүшелеріне Кіші жүз ханы Әбілқайырдың суреті салынған пано, облысымыздан табылған «Алтын ханшайым» таңбаланған ескерткіш-бұйымды, сақ дәуіріне тиесілі әшекейдің көшірмесін тарту етті.

www.zhaikpress.kz

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале