26.06.2015, 12:19
Оқылды: 28

«Жайық Пресс» ЖШС кәсіби мерекелерін кеңінен атап өтті

Nyrlibek   Қаламыздағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында он екі аудандық, қос облыстық газеттің басын біріктіретін «Жайық Пресс» ЖШС Баспасөз қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара ұйымдастырды.

Деректі фильмде баян етілгеніндей, Батыс Қазақстандағы баспасөз тарихы тым әріден басталады. 1911-1913 жылдары Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин сынды ұлт зиялыларының қолға алуымен Ордада, кейін Оралда Қазақстандағы алғашқы басылымдардың бірі «Қазақстан» газеті шығып тұрды. Кейінгі жылдары 1917 жылы сол Ордада сегіз тіл білген ғұлама Ғабдолғазиз Мұсағалиев редакторлық еткен «Ұран» газетінің жарық көргені белгілі болып отыр. Сонда қазіргі облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығын тойлайтын уақыт та алыс емес.

Сала ардагерлері мен журналистерді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен құттықтап, мемлекет саясатын жүргізетін газеттердің өз өңірінің айнасы, кейінгі тарихқа қалатын жылнамасы, қоғам өмірін жан-жақты көрсетудегі маңызы зор екендігін атап өтті. Елбасы қойып отырған өскелең талаптарға сай болып, қазіргі уақыт ағынынан қалмай, кәсіби шеберліктерін жетілдіріп, жаңа табыстарға жете берулеріне тілектестігін білдірді. Бұдан кейін Б.Мәкен Сырым аудандық «Сырым елі» және Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газеттеріне жаңа автокөліктердің кілттерін табыс етті.

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева еңбек жолын облыстық «Орал өңірі» газетінде бастағандығын айтып, журналистер қауымына ыстық ықыласын жеткізді.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин үздік қызметкерлер мен штаттан тыс тілшілерді дипломдармен, алғысхаттармен марапаттады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жарқыра, Жайық!» фотобәйгесінің қорытындылары шығарылып, төрт аталым бойынша үздік суреттер аталып өтілді.

Өңірге танымал қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, кезінде Жымпиты аудандық «Қызыл ту» (қазір Сырым аудандық «Сырым елі») газетіне жиырма жылдан астам уақыт бойы басшылық еткен Бақтығұл Ойшыбаевтың 75 жылдығына орай жас жазушылар мен блогерлер арасындағы республикалық байқау да мәреге жетіп, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды. Қаламгердің ұлы, танымал журналист Кемелбек Ойшыбаев осынау сөз байқауын қолдағаны үшін «Жайық Пресс» ЖШС басшылығына ризашылығын білдірді.

Салтанатты шара «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлері қойған мерекелік концертке ұласты. Мұнда отаншылдық рухтағы әндер әуелеп, Бауыржан Ширмединұлы, Әділет Орынбасаров сынды жастар айтысқа да түсіп, кеш мерейін арттыра түсті.

Айта кетейік, шараға барлық он екі аудандық және қос облыстық газеттер редакцияларының ұжымдары және көптеген басылымдар шығатын баспахана қызметкерлері түгелге жуық қатысты.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале