5.08.2015, 15:18
Оқылды: 42

"Жайық Пресс" медиахолдингі Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту жасады

dapter03    Бүгін "Жайық Пресс" медиахолдингінің мәжіліс залында Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап шығарған Керей мен Жәнібек хандар, Әбілқайыр хан, Абылай хан суреті бейнеленген 36 беттік қалың дәптердің таныстырылымы өтті.

- Біз шын мәнінде дәптер шығарып, пайда табатын мекеме емеспіз. Алайда нарықты жайлап кеткен оқушы құралдарының бетіндегі жас ұрпаққа теріс тәрбие беретін сорақы суреттер ойландырмай қоймайды. Соның бәрін сараптай келе, қолға алып отырған осынау өнімдеріміз - отандық өнім шығару, ұлттық тәрбие мен мемлекеттік саясатты қолдау мақсатында, Ғұмар Қараш атамыз айтқандай: "әрбір істе қазақ исін аңқыту" үшін жасалған іс. Кәсіпкерлерге бағыт сілтеп, жеке баспалар осы істі әрі қарай жалғастырып алып кетсе дейміз,- деді "Жайық Пресс" медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин.

Үш түрлі дәптердің мұқабасына Керей мен Жәнібек хандар, Әбілқайыр хан, Абылай хандардың суреті бейнеленсе, соңғы бетіне олардың өмірбаяны жазылған. Бұл жерде ұлы тұлғалардың өмірбаянын ғаламтордан алып, қоя салмай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтардың сұрыптауынан өтіп, ықшамдалып берілгендігін атап өткен абзал.

Хандардың суретін жерлесіміз, оралдық суретші Бекжан Жұмабаев салса, дизайнын келісті қылып, компьютермен өңдеген «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкері Арман Дауылбаев.

Таныстырылу рәсіміне арнайы шақырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған отандық өнімге деген ізгі пікірлерін білдірді.

"Бұған дейін "Жайық Пресс" ЖШС бастамасымен Абай, Махамбет, Исатай, Мұхит, Райымбек, Дина, Ғұмар Қараш, т.б. ұлы тұлғалар бейнеленген дәптерлер шығарылғанын жақсы білеміз. Ізгі бастаманың жалғасын тауып жатқаны қуантады. Азамат, ата-ана, әріптес ретінде осынау отандық өнімді шығарып, ұсынып отырған жандардың бәріне алғысымды білдіремін. Дәптер бетіндегі сорақы суреттер туралы Парламент мінбесінен де айтылып жүр. Алайда әзірге ешқандай нәтиже көріп жатқан жоқпыз. Бүгінгі ұсынылып отырған отандық өнімді сөзден көрі нақты іске көшкен қадам деп бағалаймын", - деген республикалық 24.kz телеарнасының БҚО бойынша меншікті тілшісі Талғат Серікқалиұлы балалары мен бауырларына арнап 55 дәптер сатып алатынын жеткізді.

ТДК-42 телеарнасының тілшісі Ақбота Болатқызы да "Тарихи тұлғалар бейнеленген бұл дәптерлерді сын айту үшін емес, тек тілек айту үшін лайықталған құнды дүние деп білемін. Ел мүддесі жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін", - деген тілегін білдірді.

Сонымен қатар басқосу барысында "Мұндай дәптерлер тек қазақ тілінде ғана емес, орыс мектептерінің оқушыларына да арнап шығарылса", "Орал қаласы мен облыс көлеміндегі тұлғалардың есімдері берілген мектептердің шәкірттері үшін арнайы дәптерлер шығару қолға алынса" деген ұсыныстар жасалды.

Әрқайсысы 500 данамен шығарылған хандар бейнеленген дәптерлердің бағасы 70 теңге. Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын рухты жандардың назарына бұл дәптерлердің "Жайық Пресс" медиахолдингінде және аудандық газеттердің редакцияларында сатылатындығын жеткіземіз.

www.zhaikpress.kz

Ақпарат орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале