4.03.2016, 11:33
Оқылды: 27

Жалпақталда алып кранды тізгіндеген қайсар әйел тұрады

KAztalov Jalpaktal kranshi   Нәзік жандылар намысқа тырысса бағындырмайтын биік жоқ. Қоғамда «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүретіндер емес, ер кісілермен еш қиынсынбай қызмет атқарып жүрген жандар баршылық. Сондай жанның бірі кезінде алып кранды тізгіндеген Маруся Мұқашева Жалпақтал ауылында тұрады.


Тым биіктегі көтергіш кранның кабинасында отыруға кез келген жанның жүрегі дауаламасы анық. Ал егер одан отыру ғана емес, алып машинаны тізгіндеу талап етілсе. Төмендегі қажет нысаннан көз алмай, керек затты тербеліп тұрған ілмекпен іліп алу да оңай емес. Көпшілігі кран машинисі болу ер адамның кәсібі деп есептейді. Алайда Маруся бұл пікірмен келіспейді. Ол «Еуразиаттық энергетикалық корпорация» АҚ «Шығыс» кенішінде 13 жылдан астам краншы болып жұмыс атқарды. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. «Егер өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік берілсе, мен дәл осы мамандықты қалар едім»,-дейді еш өкінішсіз.

Ауыр техниканы меңгерген ол жұмысқа тек кәсібім деп емес, өмірімнің мәні деп қарапты. Кезінде ондаған тонна жүкті санаулы минутта бір орыннан екінші орынға қоюға әбден машықтанып алған.

Енді рет-ретімен баяндасақ. Маруся Мұхамбетқалиқызы Жалпақтал топырағында 1956 жылдың көктем айында дүниеге келген. Мектепті ойдағыдай ақтаған соң, ел қатары оқуға бара алмады.

-Өкіншіке орай арман қуып жоғары оқу орындарына бара алмады. Себебі қолымда әкеме қарайласып, соның жағдайын жасауға тырыстым. Сол кездегі Фурманов аудандық №807 құрылыс мекемесіне сылақшы-бояушы болып 1975 жылы жұмысқа орналастым. Содан 1979 жылы мекеме атынан Орал қаласындағы құрылыс училищесіне 3 айлық оқуға жеберді. Краншы мамандықты игеріп шықтым. Биік «КВ-100» кранды тізгіндедім. Алғашқыда жоғары көтерілуге жүрексіндім. «Адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді» демекші, үш-төрт күннен соң бастапқыдай емес, үрейім сейіліп, кранға емін-еркін түсіп-мінетін халге жеттім,-деп өткенді еске алады Маруся апамыз.

Содан міне біздің Маруся Мұқашева жылжымалы механикаландырылған құрылыс колонасының краншысы болып Жалпақтал, Казталов, Талдыапан, Жаңажол, Қараөзен ауылдарындағы типтіп жобадағы мектеп, балабақша құрылыс жұмыстарына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар Жалпақтал ауылындағы көп қабатты үйлердің құрылыс жұмысында да өзіндік қолтаңбасы бар. Міне осылай абыройлы еңбек атқарды. 1983 жылы Фурманов аудандық Советтік депутаты да болды. Еңбегінің жемісін көріп, алғыс хаттармен де марапатталды.

1993 жылы аудандық құрылыс мекемесі таратылады. Бұл уақытта Ел Тәуелсіздігін жариялап, Егеменді ел болып жатқан уақыт болатын. Кейбір мекемелер таратылып, талан-таражға түсіп жатқан уақыт еді. Сол уақытта Маруся апамыз жұмыссыз қалады. Содан ауылдағы мектептердің біріне қатардағы жұмысшы болып орналасады. Бүгінде зейнет демалысына шығып, рахатын көріп отырған жандардың бірі.

-Қазіргі жастар краншы еңбегінің бейнетін түсінбейді. Әрі олардың арасынан өз қалауымен осы мамандықты таңдаған жанды әсте де таппассың. Ойлап көріңізші, бұл мамандық романтикаға толы! Жоғарыда тұрып, еш қиындықсыз әп-сәтте пәлен тонналық жүкті орнынан тік көтеріп, басқа жерге қою тек краншының ғана қолынан келеді,-дейді зейнеткер Маруся апамыз.

Әрқашанда осы нәзік жанды ақ жаулықты әжелеріміздің, асыл аналарымыздың, аяулы қыз-келіншектеріміздің жүздері шаттыққа толы болғай. Ауыр жұмысты атқаратын барлық аналарымыз қажымас, талмасын. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Маруся апамызға көрер қызығыңыз алда болып, деніңізге саулық, береке-бірлік тілейміз.

 

Суретте: Маруся Мұқашева және аудандық құрылыс мекемесінің ұжымы

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

 Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале