12.08.2016, 17:26
Оқылды: 23

Жалпақталдық ардагерлер көрермендерге керемет концерт сыйлады

Жалпақталдық ардагерлер көрермендерге керемет концерт сыйлады   11 тамыз күні Жалпақтал мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» фестиваліне орай Жалпақтал ауылы ардагерлері концерт қойды.

Концерт шымылдығы ардагерлерден құрылған ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы Рақым Ығылмановтың «Толқын» күйімен ашылды.



Ансамбльдің сүйемелдеуімен «Шапағат» әжелер ансамблінің мүшесі Алтын Сәрсекешова халық әні «Сәулем-айды» әуелетсе, Нұрлы Химеденованың мың бұрала билеген «Келіншек биі» де көпшіліктің көңілінен шықты.

Ғилым Едекешов пен Нұрлы Химеденованың «Вена вальсі» биі әсем де жеңіл қозғалыстары арқылы өріліп, әдемі әуен мен қос бишінің қимылы өзара үйлесім тауып, көрермендерін тәнті етті. Көпшілік оларға ризашылықпен қол соғып, халықтың қошеметіне бөленді.

Көрерменді ерекше сүйсінткен Самат Ерғалиев пен Баян Қабиева қосыла шырқаған «Сұлулық сазы», Алтын Сәрсекешованың «Өзіңсің», Самат Ерғалиев гитарамен қосыла айтқан «Гүлсезім» әні, баянмен қосыла (сүйемелдеуші – III-ші Бүкілодақтық фестивальдің дипломанты Мұрат Жүсіпбаев) әсем әнді әуелеткен Райса Болатованың «Көп қарадым суретіне» әні талайдың ұмыт болған жастық шағын, жақсы күндерін естеріне қайта оралтқандай болды.

Ал Баян Құбайқызы жетекшілік ететін «Шапағат» әжелер ансамблі орындаған «Әр ұлт әндерінен попурри», «Арман жырым – ақ бесігім» әндеріне тыңдарман ризалықпен қол соқты.

Зәуреш Ақмурзина мен Нұрлан Шақанаев сомдаған «Әйел арманы» көрінісі көрерменді қыран-топан күлкіге кенелтіп, көңілдерін бір жадыратып тастады.

Концерт соңы ардагерлерден құралған хордың орындауындағы «Шолпан» және «Бейбітшілік сақталады» әндерімен аяқталды.

Ардагерлер фестивалін қорытындылаған Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев ардагерлерге осындай тамаша концерт ұсынғандары үшін алғыстарын жеткізіп, аудандық, облыстық фестивальде ардагерлер арасынан жүзден жүйрік шыққандарды республикалық деңгейде өнер көрсетуіне тілектерін білдірді.

Мөлдір Әнуарбекқызы

Қазталов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале