24.11.2015, 20:29
Оқылды: 26

«Жалпыға ортақ декларациялау – дайындық үрдісі»

Keskin    Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде «Жалпыға ортақ декларациялау – дайындық үрдісі» атты тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынды жүргізген облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының жетекшісі Ербол Найзабеков жиналғандарға жалпыға ортақ декларациялаудың тиімділігі мен оны елімізде енгізу үрдісі жөнінде баяндады.


Оның сөзінше, Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамына арналған Ұлт Жоспарының 42-қадамында 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің, одан кейінгі кезеңде барлық азаматтардың кіріс пен шығыстарын жалпыға ортақ салықтық декларациялауды енгізу белгіленген. Бұл жұмыс бүгінгі таңда елімізде қызу талқылануда. АҚШ, Канада, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Австралия, Чехия, Италия, Жаңа Зенландия, Сингапур, Швейцария, Чили, Ұлыбритания, Бельгия, Греция, Венгрия, Польша, Португалия, Испания, Нидерланды секілді көптеген дамыған елдер жеке тұлғалардың өз бетімен декларациялану жүйесін салық төлемдерінің толықтығын қамтамасыз ету мен көлеңкелі экономикаға қарсы тиімді құрал ретінде жоғары бағалайды.

Біздің елімізде жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау бойынша заң жобасы 2015 жылы қазан айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына ұсынылды. Аталмыш заң жобасы бойынша ҚР кәмелеттік жасқа толған барлық азаматтары, оралмандар мен елімізде тұруға рұқсаты бар тұлғалар декларация табыстауға міндетті. Сондай-ақ, банк шоттарында қорланатын (3,4 млн теңгеден астам) немесе кез келген кіріс көзі болып табылатын (бюджеттен алынатын кірісті қоспағанда) жеке мүлкі бар кәмелеттік жасқа толмаған тұлғалар да мүліктерін декларациялауға міндетті. Бұдан басқа тіркелген мүлкі және салық төленбейтін кіріс көздері бар шетелдіктер де (халықаралық шарттарға сәйкес босатылған азаматтарды қоспағанда) мүлкі мен кірісін декларациялайды.

Аталмыш заң жобасына сәйкес азаматтар декларация жүйесіне кезең бойынша кіруі тиіс. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылы  декларациялау жүйесіне халықтың анағұрлым дайындалған бөлігін тарту жоспарлануда. Олар – депутаттар, судьялар, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ, олардың жұбайлары (зайыбы). Жалпыға ортақ декларациялаудың екінші кезеңі 2020 жылы деп белгіленді және бұл кезеңде   декларациялауға халықтың қалған бөлігін тартылмақ. Кезеңдер арасындағы үш жылдық үзілісте құжаттарды қабылдау, талдау және өңдеу рәсімдерін іске асыру, бақылау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына арналмақ.

Жиында бұдан басқа жергілікті салықты өндіру тәртібі түсіндіріліп, «Түбіртегіңді сақта!» шарасы мен бақылау-кассалық машинасының маңызы туралы айтылды.

Бұдан соң онлайн жүйесі арқылы бақылау-кассалық машинасының жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде «Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер» туралы заң күшіне енді. Аталмыш заңға сәйкес, бензин (авиациялықтан басқа), дизельді отын, спирт өнімдерін тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер өз жұмыстарында міндетті түрде бақылау-кассалық машинасын пайдалануы тиіс. Бүгінгі таңда мемлекеттік реестрде мұндай машинаның 17 түрі тіркелген, бұлардан басқа тағы 4 түрі тіркелмек. Мұндай машиналарды таратумен  облыс көлемінде  «Порт»  ЖК (Карева), «ВТ Центр», «Кипер» және «Касса сервис» ЖШС айналысады. Аталған серіктестіктерде бақылау-кассалық машиналары 67 000 және 95 000 теңгеден сатылуда. Облыста барлығы 2071 нысан бақылау-кассалық машинасымен қамтамасыз етілу керек болса, оның 61-і лицензияларын тапсырып, жұмыстарын тоқтатқан, 9-ы уақытша жұмыс істемейді және  608-і желіден тыс жерде орналасқан. Қалған 1393 нысанның 1212-де бақылау-кассалық машинасы бар. Облыстағы жаңа бақылау-кассалық машиналары арқылы ағымдағы жылдың 11 қарашасына дейін 9 млрд.233 млн. теңгеге түбіртек өткізілген. 2016 жылдың 16 қаңтарынан бастап облыс кәсіпкерлерінен бақылау–кассалық машиналарымен жұмыс істеу қатаң түрде талап етіледі. Сондықтан олар мұндай машиналарды желтоқсан айында сатып алып, пайдалануға дайын отыруы тиіс.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале