3.02.2015, 23:32
Оқылды: 34

Жалтарғандар жазаланады!


 Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, жылына екі рет – көктем және күз мезгілінде жүргізіледі. Қарулы Күштерді жасақтау үшін әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы әскери борышын өтеуден босатылмаған азаматтар шақырылады.


 Осындай науқан кезінде біз түрлі жағдайларға куә болып жатамыз. Адамдар әр түрлі, мысалы, біреулер әскери қызметте болғанды жақсы көрсе, екінші біреулер әскери борышын өтеуге асыға қоймайды. Отан алдындағы парызын өтемеу әдетте заңбұзушылық болып есептеледі, сондықтан құқықбұзушылықтың бұл түріне жаза қолданылады. Енді әскер қатарына барудан қашқақтағандардың жазасы қандай, соған тоқталайық. «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағи-даларын бекіту туралы» 2012 жылдың 15 мамырындағы №620 Үкімет қаулысының 12-тармағына сәйкес, әскерге шақырылған азаматтар қалалық әскерге шақыру комиссиясына еш себепсіз келмеген жағдайда шақырту қағазын жеке өз қолына тапсыру мүмкін болмағанын айтып, оларды іздестіру үшін қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Орал қаласының ішкі істер басқармасына хабарлайды.

Мерзімді әскери қызметке шақырудан негізсіз бас тартқан жағдайда азаматтар ҚР ҚК-ның 2014 жылғы 3 шілдесіндегі №226-Ү 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен жалтару ісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мысалы, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтарғандарға бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі, не болмаса көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ әскерге бармау үшін өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы «аурумын» деп өтірік айтып, жалған құжат жасау немесе өзге де әрекеттер арқылы әскерге қалай да бармаудың амалын жасаған азаматтарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі. Не болмаса осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал егер әскерге шақырылушы тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру бөліміне өз еркімен келсе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Құрметті жастар! Ел қорғауға дайын болу – біздің әрқайсысымыздың міндетіміз. Әскери қызмет Отан-анамызды сүюге және туған еліміздің, жеріміздің тұтастығын сақтауға, оны қорғауға үйретеді. Олай болса, сіздердің әрқайсысыңыз темірдей қатты, болаттай берік, төзімді де батыл болуға үйрететін әскери мектепте шыңдалуға асығуларыңыз керек.


 Рафхат МӘЖИТОВ,

Орал қаласының қорғаныс істері

жөніндегі басқармасы басшысының

міндетін уақытша атқарушы, майор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале