16.07.2015, 14:54
Оқылды: 14

Жанардың жоспары жойқын

Terekti janar   Тал бойына бір емес, бірнеше кәсіпті өңгеріп алып, қызығын көріп жүрген нәзік жандылар арамызда көп емес.

Солардың бірі- Подстепный ауылының тұрғыны Жанар Аубекерова. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқан құс шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Үкіметтен әлі көмек алып көрмеген, бәрі өзінің және отбасының күшімен. Жанар ханымның ауласы құдды бір құстардың әлемі дерсің. 170-тен астам тауық, 250-ден астам қаз бар. Сонымен қоса, 35-тің үстінде үйрек пен 80 шақты күркетауық өсіріп отыр. Құстарды көбіне Ресейдің Орынбор қаласынан сатып алса, жұмыртқаларды Саратов қаласынан әкеледі. Құстар қоныстанатын жазғы һәм қысқы тұрақтарды да кейіпкеріміздің жолдасы өз қолымен салған.  Жанар енді үкімет осы еңбектерді ескеріп, кәсібіме қолдау білдірсе екен деп ойлайды. Оның жоспары үлкен құс фермасын алу. Ол үшін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында несие алуды да жоспарлап отыр. Қажет құжаттарды дайындап, келер күннен үмітін үзер емес. «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша бизнес курстарын тәмамдаған  Жанар кәсібін өркендетуге тас-түйін дайын.   Кейіпкеріміз тіпті  600 мың теңгеге  инкубатор да сатып алыпты.

Жанардың тағы бір кәсібі- бау-бақша өсіру. Ауласында не керектің бәрі бар. Қияр мен қызанақтан бастап, жүзім мен қауын, қарбыз бен жидектердің түр-түрі табылады.  Ол бұл еңбегінің жемісін молынан көріп отырмын дейді. Тіпті отбасынан артылып қалса, саудаға да шығарамын дейді Жанар ханым.

Сонымен қатар, Жанар көпшік жасаумен де айналысады. Ия, күнделікті керек затқа деген сұраныс та жоғары. Әсем, оюлы маталармен қапталып, көптің көзайымына айналған көпшіктердің бағасы 4 мыңға дейін жетеді екен.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале