16.09.2015, 19:06
Оқылды: 32

Жарасымды жанұя – өнегесі дария

Mereili otbasi   Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Астанада өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында лауреат атанған Кенжебаевтар отбасымен  кездесті.

– Отбасылық құндылықтарды дамыту – әрқашан мемлекет назарында. Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында отбасы инстиутын нығайтуды тапсырған болатын. Әсіресе, ауыл-аймақтарда ұлттық болмыс ерекше сақталатыны белгілі. Облыстық кезеңде жолдама алған Кенжебаевтар отбасы республикалық байқауда ауылда сүттей ұйып отырған өнегелі шаңырақтың бар екенін дәлелдей түсті. Жарасымды жанұя құру – бүгінгі қоғам үшін зор үлгі, – дей келе,  Бақтияр Мәкен ұрпақ тәрбиесі, ата-ана рөлі, жанұялық қарым-қатынастағы сыйласымдылықты тілге тиек етті.

Өз кезегінде, отағасы Жасқайрат Кенжебаев жан-жақты қолдау көрсеткен облыс, аудан әкімдіктеріне, демеуші кәсіпкерлерге, жанашырлық танытып, дауыс берген тұрғындарға ризашылық білдірді. Жасқайрат  Жолымбетұлы – терме айтып, ұлттық өнерді насихаттап жүрген жан. Сырым ауданындағы Қосарал ауылындағы мәдениет үйінде көркемдік саз жетекшісі боп қызмет етеді. Зайыбы Баян Құбаева – бастауыш сынып мұғалімі, ән салады, отағасының өнердегі серігі. Екеуі үш ұл, төрт қыз тәрбиелеген. Олардан бүгінде бес немере, екі жиен сүйген. Домбыра, баян, тайтұяқ, сылдырмақ тәрізді ұлттық саз аспаптарының басын қосқан Кенжебаевтардың отбасылық ансамблі «Алтын ұя», «Сағыныш сазы» ретро әндер конкурсында жүлдегер атанып,  көрермендердің көзайымына айналған. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына республика бойынша 2285 отбасы қатысса, үздік шыққан он алты әулет Елордаға жол тартты. Бір ғажабы жеңімпаз атанған ең үлкен отбасы маңғыстаулық Құлсариевтер болса, ең жас отбасы біздің өңірден қатысқан Кенжебаевтар жанұясы екен. Кенжебаевтар әулетінің өзінен 20 адам барып, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова атынан марапатқа ие боп, мерейі шалқып қайтты.

Жылы шырайлы басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен өз атынан отбасы мүшелеріне «Ақжайық» шипажайына он күндік тегін жолдама мен сый-сияпат тарту етті.

www.zhaikpress.kz

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале